11 қыр, 2025 сағат 12:17

Парламентте анасын құттықтаған Ардақ Назаровты мандатынан айыру талап етілді

Фото: Жұмабеков Жаслан

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ресми отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаймын деп сынның астында қалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Парламент отырысында сауалын жолдамас бұрын, Назаров 70 жасқа толған анасына жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Қадірлі анашым. Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге және жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін, – деді ол мінберден.


Депутаттың сөзіне әріптестері қол соғып, қолдау білдіргенімен, желі қолданушылары бұл қадамды орынсыз деп бағалап, теріс пікірлерді жаудырып жатыр. Кейбір қолданушылар Назаровты депутаттық мандатынан айыруды талап етті.

"Ардақ Назаровты депутаттық мандатынан айыруды ұсынамын", - деген бастама Threads әлеуметтік желісінде бес мыңнан астам лайк жинаған. 


Блогер Бурахан Дақанов кейбір депутаттар халықтың емес, белгілі бір жердің, рудың депутаты болып алатынын атап өтті.

"Жалпы Мәжіліс төрінде анасын құттықтап, Парламентті Инстаграммен шатастырып алған Ардақ мырза лауазымын асыра пайдаланғаны үшін электораттан, яғни халықтан кешірім сұрауы тиіс. Мәжіліс төрағасы депутатқа қатаң сөгіс жариялайды деп үміттенемін. Бәріміз анадан туғанбыз, бірақ анадан да қасиетті дүние бар - ол Отан. Қазіргі кей депутат өзінің белгілі бір жердің, рудың, отбасының ғана адамы емес, күллі республикаға жауапты адам екенін сезінбейтін секілді. Әлемнің парламенттерін көріп, қызығасың кәдімгідей. Күнде бір төбелес, қырғын, жаға-жыртыс. Жалпы қабылданатын заңдар кәдімгідей текетірестермен, у-шумен, дәйектермен қабылданады. Ондай қызықпен қабылданған заңдар нақты заң болып, ұзаққа шыдары анық. Жалпы бізде сондай Парламент болса, мына Ардақ мырза көптеген жетістіктерге жетер еді. Бірақ біздің Парламент басқа, біз басқамыз. Оның үстіне біздің Мәжілісте мінберде сөйлеудің өзі де мәнерлеп сөйлеуден өтетін жарыс секілді. Оның өзі көзге қарап емес, төмен қарап, парақтан оқылғасын көзге ретсіз көрініп, құлаққа да жағымсыз естіледі", - деп наразылығын білдірді Бурахан Дақанов. 


"Талғарда қылмыс өршіп тұр, кеше біреу тағы адам өлтірді, ұрлап кеткен баланың жағдайы анау… ал талғарлық депутат Ардақ Назаров шешесін Парламенттің төрінен құттықтайды", - деп жазды журналист Назия Жоямерген. 


"Жарияда ананы құттықтауды біледі екенбіз, үйде аналарды ұрмауды да білейік. Сол депутат отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін қолға алып, нәтиже көрсетпейінше, бәрі бекер, бәрі зая", - деді журналист Ардақ Құлтай. 


Регламентті бұзғаны үшін депутатқа қандай да бір шара қолданыла ма, ол жағы әзірге белгісіз.