22 сәу, 2024 сағат 16:38

Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Құмар ойындарға байланысты заң қалай өзгермек?


Фото: ашық дереккөзден

Дүйсенбі күні Парламенттің төменгі палатасында «Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасының бірінші оқылымы өтті деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша ұсынылып отырған заң жобалары  қарастырылып келе жатқанының өзіне 2 жылға жуық уақыт болды. Кейбір нормаларға реттеушілік талаптар бойынша талдауды жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жыл кеткен.


Сондай-ақ, Е. Бейсенбаевтың сөзінше, заң жобасына Мәжілістегі барлық Фракция өкілдері бастамашы болып отыр. Себебі бұл – қоғам үшін өте өзекті әрі маңызды мәселе болып отыр.

Біріншіден, құмар ойынына шырмалғандар санының артуы.

Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. 

Сұмдығы бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз. 


Екіншіден, отбасы институтын әлсіретуі.

Еліміздегі ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар.

Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақшаға үш бірдей адамның өмірін қиды. 

Үшіншіден, суицидті өршітуі. 

Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.


Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті. 

Төртіншіден, қылмыстың етек алуы.

Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен.

Бесіншіден, көлеңкелі экономиканы күшейтуі. 

Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. 

Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында келтірілген мәліметтерден Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. 
Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған. 

Сондықтан, заң аясында келесі шараларды іске асырылады:

Бірінші. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. 
Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың  смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады.
Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.
Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.
Екінші. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Үшінші. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. 
Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
Төртінші. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.
Бесінші. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. 
Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алтыншы. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем жойылады. Сондай-ақ, балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Жетінші. Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.
Сегізінші. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.

Сондай-ақ, Ұлттық Банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады. 

Сонымен қатар, заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде

- қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі; 
- ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карточкаларына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі; 
- мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі;
- өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни егов мобайл қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіре алмайсыз. 

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лоторея қызметі бойынша өзгерістер 11 Заңға, 3 Кодекске енгізіледі.