Астанадағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт салдарынан зардап шеккен отбасы баспана кезегінде тұрмаған. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы күнге дейін бұл отбасы пәтер алу немесе баспанамен қамтамасыз ету бойынша кезекке тұруға қатысты ешқандай өтініш білдірмеген. Олар жергілікті атқарушы органдарынан да көмек сұрамаған. Көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы алып отырған», - деді баспасөз хатшысы.
Белгілі болғандай, аталған отбасы «Көктал-1» тұрғын алабындағы жеке тұрғын үйдің ауласындағы уақытша тұрғын үй құрылысында тұрған.
«Біздің ақпарат бойынша ол туысқандарының үйі болған. Олар үйлерінің жанындағы уақытша құрылыс нысанын аталған отбасыға берген. Бұл отбасы - Астананың тұрғындары. Нақты өз баспаналары болмаған және әкімдіктен пәтер сұрамаған», - деді Элбвира Жүргенбаева.
Еске сала кетейік, 4 ақпанның түнінде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді.
Сонымен қатар, бүгін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бес баланың өрттен көз жұмуының себеп-салдарын анықтауды талап етті.