Дағдарыс жағдайындағы түсініспеушілік пен жаңсақтық әскери текетіреске алып келуі мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ресей, АҚШ және Қытай Халық Республикасы арасындағы геосаяси бәсекелестіктің күшеюі жаһандық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге Үлкен Еуразия периметрінде де орын алып жатыр. Осынау стратегиялық үштағандағы күрделі сәт, егер тарихты еске алсақ, барлық уақытта да болған. Дегенмен, олардың басқарушылық деңгейі соңғы жылдары күрт төмендеп барады», - деді Қазақстан Президенті.
Елбасының пайымынша, ендігі уақыттағы дағдарыстың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде орын алуы ықтимал.
«Кең ауқымдағы жанжалдарға дейін өршуге қабілетті оқиғалардың ықтималдығы еселеп өсе түседі. Дағдарыс жағдайындағы түсініспеушілік пен жаңсақтық әскери текетіреске алып келуі мүмкін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтқан болатын.