30 қар, 2017 сағат 15:36

Назарбаев пен Жээнбеков шекара мәселесі бойынша бір шешімге келді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына жасаған ресми сапары аясында Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбековпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Минскіден.

«Біріншіден, Сооронбай Шәріпұлын сайлауда жеткен табыстарымен шын жүректен құттықтадым. Алыс жерде болса да, осылай кездесіп қалдық. Екіншіден, екі елдің арасындағы туысқандық-бауырластық қатынастың барлығын орнына келтіреміз деп келістік. Ол - екі халықтың мүддесі. Шекарада болған жағдайдың не үшін орын алғанын бәріміз білеміз», - деп атап өтті Елбасы Минскідегі кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Мемлекет басшысы алдағы бір-екі күнде қырғыз Үкіметінің делегациясы Қазақстанға арнайы келіп, екі елдің арасындағы түйткілді проблемаларды шешуге бағытталған жол картасын қарастыратындығын айтты.

«Шекараға екі жақтан да бақылау коямыз. Қазақстаннан да, Қырғыстаннан да. ЕАЭО-дан үш адам әрбір жүкті қарайды, бірақ өткізе беретін болады. Сондай бақылауды біз Қытайдың шекарасында да жасаймыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті мұнан бөлек, қырғыз әріптесін елімізге ресми сапармен келуге шақырғанын да атап өтті.

«Жаңадан сайланған Қырғызстан президенті Сооронбай Шәріпұлын мен Қазақстанға ресми сапармен шақырып отырмын. Сол келгенде барлық шаруаны артқа тастап, қазақ пен қырғыз арасындағы жағдайды түзететін болайық деп келістік», - деді Елбасы.

Өз кезегінде Қырғызстан Президенті бауырлас қазақ еліне жақсылықтар тілейтіндігін баса айтты.

«Орын алған проблемалар бойынша сөйлесіп, шешімге келдік. Жол картасы бар, екі  елдің Үкіметтері әзір оны жасайды. Содан кейін көп мәселе шешіледі. Шекараға ЕАЭО-қазақ-қырғыз тарапынан бақылау қоймасақ, болмайды деп шештік. Бұл проблемалардың бәрі - шешілетін мәселелер. Мен жауапкершілік алып отырмын. Көп мәселе бар, оны екі тараптан шешеміз. Рахмет, Нұрсұлтан Әбішұлы», - деді Сооронбай Жээнбэков.

Айта кетейік, екіжақты кездесу қырғыз тарапының өтінішімен өтті.