27 шілдеде белгілі Түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы 77 жасында Астана қаласында өмірден өтті. Әлеуметтік желіде ғалымның еңбегі туралы, көзі тірісінде еңбегінің бағаланбағаны хақында оқырмандар өздерінің жүрекжарды сөздерін жазды.
Ақын Ақберен Елгезек өз парақшасында Қаржаубай Сартқожаұлының жасаған еңбегін ештеңенің қадірін білмейтін бүгінгі қоғам түсінбейтінін жазды. Дегенмен, білімді, ұлтшыл ұрпақ оған сансыз алғыс айтатынына сенімді.
"Басқа да марапаттары бар шығар, білмеймін оны. 2018 жылы ғалымға "Құрмет" ордені беріліпті. Осыдан 4 жыл бұрын шығарған "Орхон ескерткішінің толық атласы" үшін мемлекеттік сыйлық берсе де жарасар еді. Мемлекеттің де даңқы артар еді, ғалымның да мерейі үстем болар еді. Қалай болғанда да Қаржаубай Сартқожаұлы нағыз ғалым ретінде де, қазақтың (одан ары асырып айтсақ, өтірік емес), күллі түркі жұрағатының арда оғыланы ретінде де биік парызын орындап кеткен кісі", - деп жазды ақын.
Айтуынша, ғалымға биліктің берген бір бет мақтау қағазы немесе сыйлық емес, артында қалатын еңбегінен құнды құжат жоқ.
"Ертең кімнің қандай баянсыз, тарих желімен ұшып кететін жұқа құжатқа қол қойғаны емес, Қаржаубайдың "Орхон ескерткішінің толық атласы" атты 3 томдық ғаламат еңбегі қалады тарихта. Және ол "сен кімсің?" деген кез келген шүйірмұрынға "мен - ұлы түркімін!" деп көрсететін басты ұлттық құжаттарымыздың бірі болады, - деп түйеді Ақберен Елгезек.