Фото: instagram.com/tina_kandelaki
Қазақстанға тіл тигізген ресейлік журналист Тина Канделаки елге кіре алмайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қоғам өзі жауап берді, көрдіңіздер ғой, қызу талқыланды. Оған не қосайын?
Ең өкініштісі, ондайды айтып жүрген әрбір шетелдік азаматқа жауап бере берсек, өзімізді ұмытып қаламыз. Өзіміздің қанша ішкі мәселеміз бар, соған көңіл бөлейік. Сырттан анау айтты, мынау айтты деп көңіл бөле берсек, уақытымыз жетпейді. Екінші өкінішті мәселе - көрші елдегі азаматтар, өз достарымыздың біздің ел туралы бейхабар екені адамды кішкене өкпелетеді. Өйткені олардың біз туралы ақпараты дұрыс емес. Біздің елге келіп қалай өмір сүріп жатқанымызды көрсін. Ойдан шығарып жаза бергенше, әлеуметтік желіде қырылысқанша, одан да өзіміздің жұмысымызды одан әрі қарай жалғастырайық" - деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанға қара күйе жаққандардың арнайы тізімі жоқ.
"Тізім деп сіздер қайта-қайта сұрай бересіздер. Нақты бір, екі, үш деген тізім жоқ. Ол — жалпы әр мемлекеттің өзінің ішкі шарасы. Сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Тура сол сияқты біз де кіргізбейміз. Керек кезде шара қабылданады. Оны нақты „бүгін кіргіздіңіздер ме, ертең кіргізесіздер ме“ деп талап етпеңіздер. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол Қазақстанға келе қоймас, келген жағдайда кірмейді", — деді Айбек Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін ресейлік тележурналист Тина Канделаки Қазақстанда орыс тілінің аясы таралып жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.
Көлік министрлігі кейбір темір жол станцияларын (Нұр-Сұлтан – Астанаға, Нұр-Сұлтан – Нұрлы жолды – Нұрлы жол, Косшокуды – Қосшоқыға, Сай-Утесті – Сайөтеске, Өзенді – Жаңаөзенге, Уралды – Оралға, Құмшағылды – Құмшағалға) қайта атау туралы Үкімет қаулысының жобасын жариялаған болатын.
Ал Канделаки Telegram-дағы жеке парақшасында Қазақстан осылайша орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр деп пікір жазған.
Ресейлік тележүргізушінің бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
видео: M NEWS / Youtube