Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңында болған ұшақ апатының себептерін анықтауды тапсырды.
«Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек», - деп жазды Президент Twitter парақшасында.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында ұшқан Ан-26 әскери ұшағы апатқа ұшырап, төрт адам қайтыс болды, зардап шеккен 2 адам Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Ұшақ радардан жоғалып, Алматы әуежайына апатты жағдайда қонғаны туралы ақпарат 13 наурызда сағат 17:25-те түсті. Апат болған жерде өрт шықты. Қазіргі уақытта өрт сөндірілді. Оқиға орнына 10 реанимациялық жедел жәрдем бригадасы келді.