13 нау, 2021 сағат 16:15

Алматыда ұшақ апаты: 4 адам қаза тауып, 2 адам жансақтау бөліміне түсті (Видео)

Бүгін Алматы әуежайы маңында әскери ұшақ апатқа ұшырады. Расталған мәлімет бойынша, әскери ұшақ апатынан 4 адам қаза тауып, зардап шеккен 2 адам Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Бүгін 17:20-да «Нұр-Сұлтан-Алматы» бағытында ұшып шыққан ҰҚК әуе қызметінің АН-26 ұшағы апатқа ұшырады. Бірден дабыл қағылды. Оқиға орнына апаттық құтқару жасағы шұғыл аттанды.

Алдын ала таралған ақпаратқа сәйкес, борт ұшу-қону жолағының бас жағында құлаған», - деді әуежайдан.

Аталған апат салдарынан рейстер бөгелуде. Әуежайдың баспасөз қызметі Алматыдан Ақтауға, Нұр-Сұлтанға, Көкшетау мен Оралға жүретін рейстер бөгелгенін растады.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери ұшақ құлаған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Оқиға орнында Өрт сөндіру 11-бөлімінің (1,2) қызметкерлері, Республикалық жедел-құтқару отрядынан 9 адам, 1 техника, 1 кинологиялық қызметкер, сонымен қатар Алматының құтқару қызметінен 5 адам мен 1 техника жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, оқиға орнында Ұшудың іздеу-апаттық қамтамасыз ету қызметінің 4 техникасы мен Алматы облысы Өрт сөндіру және құтқару қызметінің 2 техникасы бар. Ұшақта шыққан өрт ауыздықталды.

Сондай-ақ ол жерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жедел-құтқару жасағының 10 тобы жұмыс істеп жатыр.