©Дмитрий Хегай
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде белгілі эколог Мэлс Елеусізов Балқаш көлінің проблемаларын және бірқатар қоршаған ортаның өзекті мәселелерін көтеріп, тіпті сол үшін жиын модераторымен сөзге келіп қалды.
- «Бір кездері мен Назарбаевқа айтқанмын, бізде қазір 8 су ресурстары қоймасы бар. Балқаш мәселесін қолдап жүргеніме 20 жыл болды. Балқаштың төңірегіндегі 4 облыс, Қарағанды, Жамбыл, Алматы мен қазіргі Жетісу, Шығыс Қазақстан, сосын Қытайға қарасты біраз жер кіреді. Балқаштың мәселесін ешкім ойлап жатқан жоқ. Менің ұсынысым, мүмкін талқылауға да болатын шығар, әр су қоймасын біріктіріп, 8 әкімдік болсын. Назарбаев оған келіскен. Сол кезде аймақ деп айтып жүрген, бірақ ешқандай іс болған жоқ. Сондықтан су қоймаларына иелік ететін біреу керек. Ал қазіргі болып жатқан жағдай ештеңеге жарамайды. Мына түрімізбен Балқашты өлтіреміз. Ол үлкен проблема болады», -деді эколог.
Мэлс Елеусізов мұздақтар мәселесіне де тоқталып, бізде су қоры күннен күнге азайып бара жатыр деп алаңдаушылық білдірді.
Сосын, эколог ұзақ уақыттан бері айтып жүрген "Сорбұлақ" су қоймасы апатқа әкелуі мүмкін екенін және оған ешкім көңіл бөлмей отырғанын да айтып, ашына жеткізді.
Жиында Мэлс Елеусізов модератор Еділ Жаңбыршинмен сөзге келіп қалды. Модератор сұрақ қоятын уақытын күтуді сұраса, М. Елеусізов экологиялық апаттың алдында тұрғанымызды айтып ашуланды.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин:
-«Экологияға жаны ашитын сіз ғана емессіз», -деп, экологтың микрофонын өшірткізіп тастады.