25 жел, 2024 сағат 15:30

Мәжіліс жылды қорытындылады


Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілісте 2024 жылдың қорытынды жалпы отырысы өтті, -деп хабарлайды ult.kz.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2024 жыл еліміз үшін өзгеріске толы, мазмұнды кезеңге айналды деді:

"Халықаралық және жалпыұлттық сипаттағы көптеген маңызды саяси оқиғалар болды. Біз әлемдік диалогтың геосаяси орталығына айналып, өзімізді жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы ретінде көрсете алдық.  Еліміз бірнеше беделді халықаралық ұйымға лайықты деңгейде төрағалық етті. Нәтижесінде халықаралық сарапшылар Қазақстанға «өңірде адалдықпен келіссөз жүргізуші» деген баға берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ресми іссапарлары да үлкен рөл атқарғанын айта кету керек.  Мұндай іс-шаралар мен іссапарлар ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқаты артуына зор септігін тигізері анық. 

Осы жылы елдің саяси жүйесінің жалпы сипатын өзгерту жалғасын тапты. Президенттің «барлық маңызды саяси шешімдер тек халықпен бірлесіп қабылданады» деген ұстанымы тағы бір мәрте іс жүзіне асты. Мұны жаңа саяси мәдениет қалыптастыру жолында жасалған елеулі қадам дер едім. Осылайша, биыл өткен референдум нәтижесі мен елдің энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы халықтың тарихи шешімі – ұлтымыздың ұйысуы мен қоғам белсенділігінің жарқын үлгісі болды.

Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен алғаш рет мәслихаттардың республикалық форумы өтті. Жиын маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға бүкіл Қазақстан қоғамын жұмылдырудың тағы бір тиімді тетігіне айналды. Ауқымды іс-шара саяси партиялардан, бір мандатты округтерден сайланған мәслихат депутаттарын, сондай-ақ Үкімет мүшелерін  алғаш рет бір алаңда тоғыстырды. Оны орталықтан өңірлерге дейінгі биліктің барлық тармағы арасындағы жалпыхалықтық диалогтың жаңа форматы деп атауға болады.

Осы жылғы тағы бір елеулі мәдени оқиға – V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуі.  Қазақстан төл мәдениетіміздің өзіндік ерекшелігі мен бірегейлігін күллі әлемге паш етті. Бұл маңызды іс-шара Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері – бауырлас, тамырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдете түсті.

2024 жыл Парламент Мәжілісі үшін де нәтижелі болды. Жыл басынан бері біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылдадық.

Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады. Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заң – осыған айқын дәлел. Жыл басынан бері балалардың жинақтаушы шоттарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады. 

Сонымен қатар, Президенттің «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы бастамасы да – азаматтарымыз үшін үлкен көмек. Ол жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы қаражатпен бірге өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады. Сондай-ақ жастардың шетелде білім алуына қолжетімділігін кеңейтетін нормалар бекітілді.
Енді халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алады. Осы шараның барлығы ел жастары үшін елеулі қолдау болмақ.

Біз қоғамның дертіне айналған түйткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар заң қабылдадық. Бүгінгі таңда ойын бизнесі туралы заңның, сол сияқты вейпке тыйым салу туралы норманың іске асырылуына куә болып жатырмыз.

Біз есірткіге қатысты қылмыстар үшін жазалаудың сараланған тәсілі жөніндегі Президенттің тікелей тапсырмасын заңнамалық деңгейде орындадық. Заң арқылы біз есірткі өндіру мен тарату арасындағы жауапкершіліктің ара-жігін ажыраттық.  Сонымен қатар, есірткі өндіруді ең ауыр қылмыстарға теңестіріп, ол үшін жауапкершілікті мейлінше күшейттік.
Осылайша, есірткі тұтыну сияқты белең алған дертке депутаттар тарапынан тағы бір тосқауыл қойылды.

Халықаралық қоғамдастық отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға жоғары баға берді. Бұл заңды Біріккен Ұлттар Ұйымы «гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында жасалған қадам» деп атап, Астанаға алғысын білдірді.

Кредит берудегі қауіп-қатерді барынша азайту туралы заңды бөлек атап өткім келеді. Ол қоғамда белең алған шамадан тыс несие алуды азайтуға зор септігін тигізбек. Қазірдің өзінде сарапшылар Қазақстанда проблемалық кредиттер біршама азайғанын айтуда. Бұл – Мәжілістегі барлық фракция мен бір мандатты округтен сайланған депутаттардың ортақ еңбегінің арқасы.

Сессия барысында жаңа экономикалық саясаттың заңнамалық негізін қалау жұмысын жалғастырдық. 
Жаңа Бюджет кодексін қабылдадық. Сол арқылы бюджет қаражатына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жатырмыз.
Бюджет заңнамасының негізгі қағидаты – қаражатты ұтымды, үнемді игеру және нақты қажеттілікке бағыттау. 
Депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекетттік сектор қаражаты енді толығымен Парламент бақылауында болады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің таза кіріс сомасының кемінде 70 пайызы бюджетке дивиденд төлеуге бағытталады.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі компаниялар дивидендінің кемінде 50 пайызы бюджетке түседі.
Сонымен бірге, Бюджет кодексі арқылы біз аймақтарға көбірек дербестік беріп отырмыз. Бірқатар түсімдерді республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру жөніндегі шаралар да көзделген. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің өкілеттігін кеңейту үшін шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы облыстық деңгейден аудандық деңгейге беріледі. Мұның бәрі келешекте жергілікті жерлерде ресурстарды тиімді игеруге ықпал етеді.

Біз жаңа ғана тағы бір маңызды заң қабылдадық. Ол Түркістанның ерекше мәртебесін бекітуге арналған. Мемлекет басшысы қалаға заң жүзінде ерекше мәртебе беру туралы тапсырма бергенін білесіздер. Түркістанның ел тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі орны айрықша. Осы Заңды қабылдау арқылы өңірдің өзін-өзі басқарудағы дербестігін арттырамыз. Мұндай мәртебе жергілікті проблемаларды анағұрлым тиімді шешуге, инвестиция тартуға мүмкіндік береді және өңір экономикасының одан әрі дамуына септігін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Әріптестер, осы сессия басталғалы Палатаның қарауында 106 заң жобасы болды. Оның  ішінде, 37 заңды  қабылдадық.  19-ына Президент қол қойды. Жалпы алғанда, депутаттар тарапынан биыл елеулі жұмыс атқарылды. Келер жылы да осы қарқынды сақтауымыз қажет. Ең бастысы, халқымыздың әл-ауқатын арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы әрдайым басты назарда болуға тиіс.  Жуырда біз өңірлерге іссапарға шығамыз.
Басты мақсат – жергілікті жерлердегі сайлаушыларға қабылданған заңдардың мән-маңызын, істеліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарын жеткізу.  Сонымен бірге, олардың өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізіп қайтуымыз керек. Алыс ауылдарға, еңбек ұжымдарына барып, елді толғандырып жүрген проблемаларды біліп, әдеттегідей оларды Үкімет назарына жеткізуге тиіспіз.

Құрметті депутаттар!
Баршаңызға атқарған белсенді де жемісті жұмыстарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! 2025 жылы да тұрақтылық пен татулығымыз баянды болып, еліміз өркендей берсін. Әр шаңыраққа шаттық, әр отбасыға бақ-береке тілеймін!", -деді Ерлан Қошанов Мәжіліс отырысында.