05 қар, 2025 сағат 12:36

Мазасыздықтан қалай арыламыз?


Фото: Pinterest

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Соңғы жылдары еліміздің ересек буынында да, жастарда да мазасыздық қатты байқалады. Жастарда болашағын ойлап мазасыздану болса, ересектерде ұрпағын ойлап үрейлену бар. Оған себеп – елдегі қымбатшылық, инфляция, әлемдегі тұрақсыздық. Оған қоса әлеуметтік желідегі түрлі жаңалықтар.

Жалпы мазасыздық деңгейін төмендететін негізгі үш әдіс бар.

Құдаймен байланыс

Иман, дұға, медитация немесе рухани тәжірибелер адамның жанын тыныштандырады. Көп жағдайда адам мазасыздығын жеңу үшін бір құдіретке сүйенгісі келеді. Құдайға сену, яғни оның мейірімін сезу, шешіміне арқа сүйеу артық мазасызданудың алдын алады.

Табиғатпен байланыс

Тау, су, орман, аспан бәрі адам жүйкесіне тепе-теңдік сыйлайды. Табиғатта серуендеу, таза ауада тыныс алу, ағаштар, жасыл өскіндер арасында болу жүйкенің қалпына келуіне тікелей әсер етеді. Қаланың у-шуы, күнделікті қарбаласпен үдере түскен үрейді басады, ішкі жайлылыққа әкеледі.

Адаммен байланыс

Жақын адамдардың қолдауы өзіңді қауіпсіз сезінуге жол ашады. Әңгімелесу, құшақтасу, мазасыздығыңмен бөлісу адамның ішіндегі ауыр күйді сейілтеді. Бізді тыңдайтын, түсінетін адамның жанында болу бізге қауіпсіздік сезімін сыйлайды, қауіп қатер жағдайында жалғыз қалмайтынымызды сезіндіріп мазасыздықты емдейді.

Пайым

Көп жағдайда саяси, экономикалық шешімдер бізден тәуелсіз қабылданады. Жаһандық мәселелерді бақылау, оған тікелей әсер ету де мүмкін емес. Тұтас әлем, бір тұтас елге ықпал етуден бұрын жанымыздағы көрші, бірге өскен бауырды да өзгерту екіталай. Сондықтан біздің қолымыздан келетіні елімізде болып жатқан жағдайларға құр мазасызданбай, қажет жерде азаматтық позициямызды білдіру. Ақпараттық гигиенаны ұстанып, бар фокусты өзімізге қою.

Бірізділікпен өсіп отыру, денсаулығымызды күту, білім алу, болашағымызға қаражат жинау, саяхаттау, жақын адамдарымызбен жиі кездесу барлығы үлкен жұмыс. Бірақ тұрақты түрде іске асса, соңында үлкен нәтиже береді. Бұл мазасыздықтан арылтатын, ізгі қоғамның тағы бір бақытты мүшесі болар адам сыйлау.