Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің болжамынша, елде мамырдың соңына дейін төрт мыңдай адамға коронавирус жұғады. Бұл туралы 22 сәуірде өткен брифингте мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Азаттық.
“Қазір біз инфекция тарауының шырқау шегіндеміз. Болжамға сай, вирустың өсуі және түсуін үш айда, наурыз-мамырда бақылаймыз. Сәуірдің соңына дейін 2700 адамға, мамырдың соңына дейін 4000 адамға вирус жұғады деген болжам бар. Алдымызда тұрған мақсат – күнделікті өсімді бес пайызға, одан кейін бір пайызға дейін төмендету. Вирус жұқтырғандар санын 4000 деңгейінде ұстау үшін халық карантин ережесін сақтауы тиіс” деді ол.
22 сәуір 19.35-тегі мәліметке сай, Қазақстанда 2070 адамға вирус жұқты. 515 адам дерттен айықты. 19 адам қайтыс болды.
Есмағамбетованың сөзінше, қазір елде вирус жұқтырған алты адамның халі өте ауыр, 21 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы орташа ауыр. Вирус жұқтырғандардың 60 пайызында симптом аз я байқалмайды.
“Елде 652 медқызметкерден коронавирус табылды. Олардың ішінде кейбірінің жағдайы орташа. Ауыр халде жатқандар жоқ” деді Есмағамбетова.
Вирус жұқтырған медқызметкерлердің басым бөлігі Алматыда – 375. Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухана вирус ошағына айналып, қазір бұл медицина мекемесіндегі жағдай бойынша іс қозғалған.
Есмағамбетова Қазақстанда 250 мың медқызметкер (оның 72 мыңы дәрігер) барын, елге 4 мыңдай дәрігер жетіспейтінін айтты. Сөзінше, Қазақстанға қосымша 800 эпидемиолог қажет. Елде қазір 16 мың медқызметкер коронавируспен күреске жұмылған.
Министрлік өкілі вирус жұқтырғандармен байланыста болған 39585 адамның 98 пайызы – 38 мыңнан астамы табылып, оқшауланған.
Осыған дейін Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан Надыровтан коронавирус табылғаны хабарланған. Надыровтың өзі ауру жеңіл өтіп жатқанын айтқан. Ал Есмағамбетованың сөзінше, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Надыровпен байланыста болмаған.