Ливандағы жарылыс салдарынан Қазақстанның дипломатиялық миссиясы ғимаратына зиян келді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болып, жақын маңда орналасқан үйлердің, сондай-ақ эпицентрден бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылған.
Дегенмен дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталған соң орындарынан кетіп қалған. Министрлік дерегінше, консул ғана жұмыста қалып, жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алған.
"Елшілік қызметкерлері жұмыс уақыты аяқталған соң үйлеріне қайтып кеткен. Жұмыста қалған консул жарылыс толқынынан аздап жарақаттанды. СІМ жергілікті билікпен байланысып отыр. Ливанда жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты ақпараттарды тексеріп жатыр" деп хабарлады министрлік.
Жергілікті биліктің алдын-ала ақпараты бойынша, теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған.
Бұған дейін Ливан астанасы Бейрут қаласында жойқын жарылыс болғаны туралы хабарлаған болатынбыз.