04 шіл, 2021 сағат 10:55

Қызылорда маңында АН-2 ұшағы құлады


Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылынан 12 шақырым жерде күріш егістігін өңдеу кезінде АН-2 ұшағы құлады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТЖМ сілтеме жасап.

«4 шілдеде сағат 07.00-де Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылынан 12 шақырым жерде күріш егістігін өңдеу кезінде АН-2 ұшағы құлады. Ол ұшып шыққаннан кейін бірнеше сағаттан соң техникалық ақау салдарынан қонуға мәжбүр болып, егіннің үстіне құлаған. Ұшақ бортында 1954 және 1967 жылдары туған екі пилот болған. Олар ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық. Ұшақ «Илиса» ЖШС-не тиесілі», - делінген хабарламада.

ТАСС агенттігінің жазуынша, Қазақстанда 290 дана Ан-2 ұшағы қолданыста.

Наурызда Алматы түбінде ұлттық қауіпсіздік қызметіне тиесілі Ан-24 ұшағы құлап, бортта болған 6 адамның төртеуі қаза тапқан.

Ал ақпанның соңында Боралдай-Кеген бағыты бойынша санитарлық рейспен ұшақпен АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Ұшақ бортында болған бес адам аман қалған. Осыған ұқсас жағдай 8 ақпан күні де болған. Өскемен-Зайсан бағытында ұшқан Ан-2 ұшағы да шұғыл қонуға мәжбүр болған.