16 қаз, 2020 сағат 04:02

Қырғызстанда президент билігі Жапаровтың қолына өтті

16 қазанда Қырғызстан парламенті елдегі президенттік биліктің жаңа сайланған премьер-министр Садыр Жапаровқа өткенін мақұлдады.

Елде парламент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылық шарасы күшейген соң 15 қазанда Сооронбай Жээнбеков президенттіктен кететінін жариялаған. 16 қазанда парламент Жээнбековтің оставкасын қабылдады.

Жұма күнгі отырыста депутаттар Бішкектегі төтенше жағдайды да алып тастады. Жээнбеков Бішкекте наразылық шарасы күшейген тұста қалада төтенше жағдай жариялаған еді.

Адам ұрлады деп сотталған экс-депутат Жапаров 6 қазандағы наразылық кезінде жақтастарының көмегімен түрмеден босатылған. 14 қазанда депутаттар оны елдің премьер-министрі етіп бекітті.

"Билік ауысу процесі бейбіт түрде өтті" деді Жапаров 16 қазандағы парламент жиынында.

Қырғызстан Конституциясы бойынша, егер ел президенті қызметінен мерзімінен бұрын кетсе, жаңа президент сайланғанша оның міндетін Жогорку кеңеш төрағасы атқарады. Егер парламент спикері президент міндетін атқара алмаса, бұл міндет премьер-министрге көшеді.

Парламент спикері Канатбек Исаев 15 қазанда президент міндетін атқарудан бас тартты. Ол президент сайлауына келер жылдың 10 қаңтарына дейін өткізуді, парламентке өту межесін 7 пайыздан 5 пайызға азайтуды ұсынды.

Ал Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Нұржан Шайлдабекова сайлау 17 қаңтарға жоспарланғанын айтты.

  • Жээнбеков – кейінгі 15 жылда Қырғызстанда биліктен кетуге мәжбүр болған үшінші президент. Бұған дейін Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев елдегі революция нәтижесіне биліктен кетіп, елден қашқан.
  • Қырғызстанда 4 қазанда парламент сайлауында Жээнбековке жақын үш партия және бір оппозициялық партия Жогорку кеңешке өткен. Осыдан кейін 5 қазанда жұрт "билікке жақын партиялар жұрттың дауысын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды" деп, нәтижемен келіспей наразылыққа шықты.
  • 6 қазанға ауған түні наразылар парламент пен президент отыратын "Ақ үйді", Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын басып алған. Наразылықтан соң Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жойып, қайта сайлау өткізетінін мәлімдеді.