05 қаз, 2020 сағат 22:15

Қырғызстан Президенті сайлауға қатысқан барлық 16 партия басшысын кездесуге шақырды

  

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ертең, 6 қазан күні парламенттік сайлауға қатысқан партия көшбасшыларымен кездеседі. Бұл туралы Қырғыз президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімінен мәлім етті, деп хабарлайды Кабар агенттігі.

Сағат 09.00-ге жоспарланған кездесуге 16 партияның лидерлері шақырылатын болады. 

Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді. 

Ал, бүгін, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген.

Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды. 

Айта кетейік, елдің Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің соңғы нәтижесін сайлаудан кейін 20 күннен кешіктірмей жариялауы тиіс.