22 қазанда ауа райы қандай болады?

22 қазанда ауа райы қандай болады?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

22 қазанда Қазақстанға суық антициклон ығысып, ауа температурасы төмендей бастайды. Алдымен батыс өңірлерде күн суытып, кейін салқын ауа басқа аймақтарға таралады. Елдің шығысында қар жауып, боран соғады, деп хабарлайды ult.kz.

Астанада жаңбыр мен қар жауып, түнде 0…+2°C, күндіз +4…+6°C болады. Желдің екпіні 18 м/с-қа жетеді. Алматыда жауын-шашынсыз, түнде +4…+6°C, күндіз +14…+16°C күтіледі. Шымкентте де жауын-шашын жаумайды: түнде +5…+7°C, күндіз +18…+20°C болады.

Шығыс Қазақстан облысында кей уақытта қалың қар жауып, боран соғады. Абай облысында да қар, боран және көктайғақ күтіледі. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Солтүстік Қазақстанда желдің екпіні 25 м/с-қа, Алматы және Жетісу облыстарының кей жерлерінде 28 м/с-қа жетеді.

Батыс пен оңтүстіктің басым бөлігінде жауын-шашын жаумайды. Маңғыстау облысында күндіз +20…+25°C-қа дейін жылынады. Қызылорда облысының шығысы мен орталығында шаңды дауыл тұрады. Бірқатар өңірде түнде үсік жүріп, таңға қарай тұман түседі.