Танымал әнші Серік Ибрагимов «МузАРТ» тобының мүшесі Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойына ерекше сыйлық жолдады. Өнер иесі мерекелік кешке өзі қатыса алмаса да, әнші ағасына құрмет көрсетіп, арнайы шапан жапқызды, деп хабарлайды ult.kz.
Мейрамбек Беспаев жарты ғасырлық мерейтойын туған жері Қызылордада шығармашылық концертпен атап өтті. Салтанатты кешке әншінің өнердегі әріптестері, достары мен жақындары жиналып, мерейтой иесіне ақ тілектерін арнады.
Мерекелік кешке Серік Ибрагимов та арнайы сыйлық дайындаған. Алайда Астанадағы шығармашылық жұмыстарына байланысты Қызылордаға бара алмаған әншінің атынан белгілі "Жайдарман" ойыншысы Асылхан Дүкенбаев көтеріліп, арнайы сәлемін жеткізді. Ол әншінің аманатын орындап, Мейрамбек Беспаевтың иығына шапан жапты. Ол әншінің соңғы уақытта кино саласында да белсенді еңбек етіп жүргенін айтып, көпшілікті күлдірді.
"Серіктің қазір әншіліктен бөлек, кино саласында жүргенін білесіздер. Осыдан екі жыл бұрын "Заманбек" деген кино түсіріп, 1,5 миллиард касса жинаған. Қазір "Заманбек-2" деген кино түсіріп жатыр. Құнықты ма, білмеймін ғой, енді", – деді ол әзілдеп.
Оның сөзінше, Серік Ибрагимов дәл сол уақытта Астанада өткен фильмнің алдын ала көрсетіліміне қатысқандықтан, мерейтойлық концертке келе алмаған.
Соған қарамастан, әнші Мейрамбек Беспаевқа деген құрметін қазақы дәстүрмен жеткізуді жөн көрген.
Бұдан бөлек, Серік Ибрагимов Instagram парақшасында мерейтой иесіне арнап жүрекжарды тілегін жариялады.
"Мейрамбек ағамыздың 50 жас кеші құтты болсын! Ағамды ерекше жақсы көремін, сыйлаймын", – деп жазды өнер иесі.
Осылайша, Серік Ибрагимов мерейтойлық кешке қатыса алмаса да, Мейрамбек Беспаевқа деген ыстық ықыласын білдіріп, арнайы сыйлығын табыстады.
Серік Ибрагимов кім?
Серік Ибрагимов – қазақстандық эстрада әншісі, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ол 1988 жылы 22 қаңтарда Қызылорда облысының Түгіскен ауылында дүниеге келген. Болашақ өнер иесі алты бауыры бар көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Бес жасында алғаш рет сахнаға шығып, бала кезінен түрлі ән байқауларына қатысқан. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түскен. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білімін жалғастырған. Әнші 2018 жылы "Qazaqstan" ұлттық телеарнасына берген сұхбатында Батырхан Шүкеновтің өнердегі жолын үлгі тұтып, үрмелі аспаптарды меңгеруге сегіз жылын арнағанын айтқан.
Оның "Вокзалда қауышқан қыз", "Кел маған", "Жаяу", "Қазақпыз бәріміз" әндері тыңдарманға танымал. 2018 жылы өнер иесі "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Сол жылы үлкен сахнадағы шығармашылығының бес жылдығына орай концерттік сапар ұйымдастырған
Кейін әншіліктен бөлек, кино саласына бет бұрып, 2024 жылы жарық көрген "Zamanback" толықметражды фильмінің жобасына қатысты. 2026 жылы аталған фильмнің жалғасы "Zamanback-2" жобасымен де айналысып жүргені хабарланды.