Олжас Абай Instagram парақшасында өзінің және Дариға Бадықованың атынан жасанды интеллект арқылы дайындалатын видеоларға қатысты үндеу жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Жазбада олардың аты мен бейнесін пайдаланып контент жасайтын желі қолданушыларынан заң талаптарын сақтау сұралған. Сонымен қатар мұндай видеоларда өздерін белгілемеуді өтінген.
“Жасанды интеллект көмегімен видео жасағанда, заң талаптарын сақтап, заңға қайшы келетін контент жарияламауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, біздің атымызды немесе бейнемізді пайдаланып жасалған мұндай видеоларда бізді белгілемеулеріңізді өтінеміз”, – делінген жазбада.
Үндеу соңында жасанды интеллект мүмкіндіктерін жауапкершілікпен пайдалану қажеттігі айтылған.
“Жасанды интеллект – мүмкіндік, ал оны дұрыс пайдалану – жауапкершілік. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет”, – деп жазылған Олжас Абай мен Дариға Бадықованың атынан жарияланған мәлімдемеде.
Айта кетейік, Дархан Мұсаев экс-жарының тойы туралы айтты.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай – қазақстандық актер әрі әнші, көпшілікке “Ochooou” (“Очоу”) сахналық есімімен таныс. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік білім алған. Киноға келмес бұрын театр сахнасында алты жыл өнер көрсеткен. “Сиситай”, “Класстастар”, “Брат или Брак” фильмдерінде рөл сомдаған.
Актерлікпен қатар ән айтып, бейнебаяндарының идеясы мен сценарийін әзірлеуге де қатысады. Сұхбатында актерлікті басқа мамандыққа айырбастағысы келмейтінін айтқан.