18 мам, 2017 сағат 09:52

Құралай Омар: "Жел ұшырып жапырақтай арманды..."

Танымал ақын Құралай Омардың бір топ жаңа өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

***

Жасырынбақ ойнап жүрміз,
Жасырынып бірімізден-біріміз.
Бір әлемде сөздер суық,
Сезім - ызғар, гүлі - мұз.
Хат та жазбай, хабарласпай, өп-өтірік ұмытып,
Әр сәт сайын бақылаймыз...
Осы - ұмытқан түріміз.

Көңілімді қамшы осып, қанжар және сұғылып,
Әлім келмей әрі асуға, қайта-қайта жығылып
Жүргенімді көрсетпеймін,
Күліп түсіп суретке,
Кешке қарай жылап жатам жүрегіме тығылып.

Үнсіз қалсам, белгі беріп, дауыстасам - жортасың,
Қашасың да сұр әлемге, құшақтайсың сор тасын.
Жасырынбақ ойнап жүрміз,
Жалғасады қашанға?..
Жақындауға жүрексініп,
Жоғалтуға қорқасың.

***

Өзімнің жолымды қанша рет бөгедім?!
Өзіңді жазғырып, өзімді сөгемін.
Жүректен мөлдіреп үзілген сөздерді
Амалсыз
Төртбұрыш қағазға төгемін.
Алыста армандар, аспанда ақ үміт.
Қиялдың ақ күміс қанатын тағынып,
Ұшуға қорықтың,
Жердегі
Төртбұрыш заңдарға бағынып.
Естілмей құс үні, жаңбыр мен қар әні,
Төртбұрыш телефон жалғамай араны,
Жанымды мұздатып...
Төртбұрыш бөлмеде
Дүние дөңгелеп барады.



***
Бәрінен шаршап кеттім:
Жанымды мұздатқан көктемнен,
Жүректі сыздатқан өткеннен.
Ап-ауыр азапты шегуден,
Үн-түнсіз жасымды төгуден.
Мәні жоқ ғұмырды кезуден,
Қажет еместігімді сезуден.
Көліктер сабылған көшеден,
Айыптай беретін кешеден.
Үмітім тоналып қалғаннан,
Алдамшы бес күндік жалғаннан.
Шаршадым таусылмас мұңымнан
...Ештеңе шықпады бұнымнан...



***
Жүрек жүдеу,
Көңіл сынық,
Сынық күн.
Сен де бүгін хал сұрауды ұмыттың.
Сен де суық,
Күз де суық, қайтемін,
Дір-дір етіп тоңғанын-ай үміттің.

Жел ұшырып жапырақтай арманды,
Сұп-сұрғылт күн қара түнге жалғанды.
Бір жарыққа жүгіріп ем асығып,
Сүрініп қап...
Сезім тағы алданды.

Тайғанақтау тағдырыммен егесем,
Құлап қалдым,
Жылап та алдым...
Не десем?
Бақытты боп кетер едім қазір-ақ,
Жылы-жылы сөздеріңмен демесең.

***
Қайысқан қабырғаны тағы да бүгер мұң кеп,
Күтумен өткен өмір жігерді үгер күндеп.
Сен үшін мүлде-мүлде құны жоқ болса дағы,
Отырам өзіңе арнап, хат жазып жібергім кеп.

Тұман ой жаншып жанды, жүре алмай әрең келем.
Сұп-суық болып кетті сұр қала, әлем неден?
Тоң қатқан тіршілік те тоңдыра алмас еді,
Бір ауыз хатың келсе, жай ғана “сәлем” деген.

***
Қуанта алмады-ау батса да кеш күлімдеп...
Өзіңе оралғым кеп, үніңді естігім кеп,
Көзімді жұмып алып, күрсінем үнсіз ғана,
“Бес күндік жалғанымның ең тәтті бес күні” деп.
Жұлдызға сыр ақтарып, айтумен айға да аңыз,
Бір күні екеуміз де өлеңге айналамыз.
Тәңірдің қолындағы тағдырға бағынышты
Дәрменсіз жандармыз ғой, қайтейік, жай ғана біз.

***
Тағдырымның келіспей жүр сәні де,
Өтер дейміз, кетер дейміз бәрі де.
Сәуір аумай тәуір болмас сияқты
Жүрегімнің халі де.

Көзді жұмсам, сағындырған бал шағым
Ұмыт болса... ұмытылып қалса мұң.
Бәрі жақсы болады деп өзімді
Жұбатудан шаршадым.

Көңіл қалды, өмір қалды лайланып,
Кеттік неге бейтанысқа айналып?
Сезгің келмес менің мына күйімді,
Жаттап алған тірлігіңе байланып.

***
Өзіңді өзің алдайсың,
Өзіңнен өзің шалғайсың.
Түрмеге қамап жүректі...
Жаңбырмен бірге ән салып,
Желменен билей алмайсың.

Сезімді солай жасыттың,
Арман да ұшқан қашық тым.
Жайлы бір торды тауып ап,
Тұтқын болуға асықтың.

Тағдырдың сезіп бөтенін,
Жаныңның таппай мекенін...
Ұмытып бір күн қаларсың,
Қанатыңның бар екенін.

Құралай Омар 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы гимназия-интернатын, 2004 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

2004 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлдеге, 2006 «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығына ие болған. 2007 жылы оныншы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ақ қар», «Мендегі үнсіздік» атты жыр жинақтары жарық көрген.

2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ақ қар», «Мендегі үнсіздік» атты жыр жинақтары жарық көрген.

Источник: http://kaztrk.kz/news/portal/page-64656-poeziya-aleminde-kuralai-omar-46608
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на http://kaztrk.kz

 

Ұлт порталы