11 қар, 2024 сағат 11:25

Қуандық Бишімбаевтың шын мәнінде қайда екені белгілі болды

Фото: видеодан кадр

Қазнетте азаматтық жұбайын өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев тиісті жазасын өтеп жатқан жоқ, тіпті қашып кеткен болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Ult.kz.

Экс-министрдің «жоғалып кеткені» туралы алғаш AIRAN ақпарат ресурсының журналистері хабарлады. Олардың дерегінше, соттан кейін Бишімбаев Аршалы ауылының маңындағы колонияға жіберілуі керек болған. Алайда колонияға барған түсірілім тобы Бишімбаевты ол жерден таппаған.

Бұл ақпараттан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқы болып, экс-шенеуніктің бос жүргені, тіпті шетелге қашып кеткені туралы қауесеттер тарай бастады. Алайда ҚАЖК (Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті) сотталушының қашып кеткені туралы мәліметті жоққа шығарды.

«Бұл сотталушы жазасын барынша қатаң режимдегі мекемеде өтеп жатыр. Жалған ақпараттың таралуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапкершілікке тартылады», – деп мәлімдеді ҚАЖК өкілдері.


Ендеше, Бишімбаев Аршалыда болмаса, қайда деген сұрақ туындайды. 

Бұл сұраққа өзін құқық қорғаушы және жұмыс барысымен жазасын өтеу орындарында жиі болатын Бауржан Мусин "Orda.kz" басылымына жауап берді. Ол Қуандық Бишімбаевтың Аршалы түрмесінде бір күн де отырмағанын айтты.

«Ол Степногорскідегі №5 мекемеде, төртінші отрядта отыр. Біздің елде жазасын өтеу орнын таңдау бөлмелердің толтырылуына қарай да жасалады. Адамның қайда отыратыны тек туыстарына ғана айтылады. ҚАЖК мұны жұртшылыққа хабарлауға міндетті емес», – деді Мусин.


Кейбір дереккөздер жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлауда. Бірақ ресми дереккөздер әзірге мұны растамады.