25 ақп, 2019 сағат 16:09

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі ауысты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болып Сапархан Омаров тағайындалды. 

"Сапархан Кесікбайұлы Омаров Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалсын" делінген Елбасы Жарлығында.

Сапархан Кесікбайұлы Омаров 1968 жылғы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданының Отрабат станциясында дүниеге келген. 1995 жылы Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын экономика және әлеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша бітірді. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді. 

Еңбек жолын 1985 жылы Түркістан құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында жұмысшы болып бастады. 1986 жылдың қарашасынан 1988 жылдың қарашасынан дейін Кеңес армиясы қатарында әскери борышын атқарды. 1990-1995 жылдар аралығында Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясында оқыды. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясында маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 1996-2001 жылдары «Азықтүлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, департамент директоры. 2006 жылғы қаңтарда «Азықтүлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның вице-президенті болып тағайындалды. 2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары. 2008-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 17 мамырдағы Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалды. 

«Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.