24 сәуірде таңғы сағат 8:30-да Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Шымкент қаласында коронавирустан бір науқастың көз жұмғанын хабарлады. Науқас - 1968 жылы туған ер адам.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, ол Абай ауданында тұрған. 20 сәуірде қалалық инфекциялық ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылған.
Ауруханаға түскен сәтте жағдайы ауыр болғандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлердің айтуынша, науқас диагнозында коронавирустан бөлек "дилатациялық кардиомиопатия, жүрекше фибрилляциясы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек ауры, қант диабеті" болған.
"Хаттамаға сәйкес, барлық қажетті ем-дом жасалды, республикалық мамандармен бірнеше рет кеңес өтті. Реанимация шараларына қарамастан 23 сәуірде сағат 20:30-да науқас қайтыс болды" делінген ресми хабарламада.
Шымкент қаласында төрт адам вирустан қайтыс болған. Қалада вирус жұқтырғандар 139 адам болды. 18 адам жазылған.
Миллионнан астам тұрғыны бар қала республика бойынша науқастар саны жағынан төртінші орында тұр.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 21 науқас қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігінде созылмалы аурулар болған.