10 желтоқсанда пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жауап алудан соң уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады жергілікті "Ақ жайық" басылымы.
Басылым дереккөзінің мәліметінше, Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасауға 4 млн 500 мың теңге көлеміндегі пара алған. Сәлден кейін Рысқалиев кінәсін мойындап келді, ал Хаменованы жауап алудан кейін уақытша ұстау изоляторына жіберген.
Дерекке сүйенсек, Абай ескерткішін орнатуға қатысты былтыр екі рет ұсыныс айтылған. Бірінші ұсыныс облыстық мәслихат сессиясында, кейін ұлы ақынның 175 жылдығын тойлау аясында жасалған. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен депутаттар идеяны қолдап, содан кейін тендерге дайындық басталған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, келісімшарт сомасы - 150 млн теңге, мәдениет басқармасы алғашқы траншты өткізіп үлгеріпті.
"АЖ" мәліметіне сәйкес, 12 желтоқсанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері тергеу сотында Хаменованы екі ай қамауға алу туралы өтініш бермек.
Бақытгүл Хаменова облыс әкімінің орынбасары лауазамына өткен жылдың 13 наурызында келген. Оған дейін "Нұр Отан" партиясы атынан Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді.
Сонымен қатар Атырау облысы әкімінің екі орынбасарына қатысты сот процесі жүруде: бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев 182 млн теңге пара алды деп айыпталса, Қайрат Нұрлыбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған кезінде 80 миллион теңге көлеміндегі ауыл шаруашылығы субсидиясын заңсыз бөлді деп айыпталуда.