09 мам, 2025 сағат 13:27

«Қазір әскер балабақша болды»: Өнер адамдары әскер туралы не ойлайды?

Фото: kazgazeta.kz

Әскер – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген маңызды құрылым. Алайда соңғы жылдары сарбаздардың арасындағы әлімжеттік, яғни бейресми бағыну жүйесі қоғамда жиі талқыланатын ауыр мәселенің біріне айналды. Бұл – тек бір адамның ғана емес, бүтін ұрпақтың тағдырына әсер ететін әлеуметтік дертке айналып барады. Мұндай жағдайлар әскери ортада қорғаныс қабілетін нығайтудың орнына, моральдық күйзеліске, тіпті қайғылы оқиғаларға әкеліп жатыр. Осы ретте Ult.kz тілшісі өнерде жүрген бірнеше адамға хабарласып, шағын блиц-сауалнама жүргізіп көрді. 

Қойған сауалымыз: Әскерге бардыңыз ба? Балаңызды әскерге жібересіз бе? Әскердегі әлімжеттік туралы пікіріңіз қандай?

Әрине сұрақтарымызға жауап беруден бас тартып, немесе кейін хабарласамын дегендер де болды. Ал театр және кино актері, сценарист Сағаділдә Үсіпәлі, әнші Саят Медеуов және театр және кино актері, драматург Нартай Сауданбекұлы әскерге қатысты ойын ашық жеткізді. 

«Балам оқуынан шығып қалса, әскердің ең қиын жеріне жіберемін»

Сағаділдә Үсіпәлі өзі де қару ұстап, борышын өтегенін және баласын да жіберетінін айтты.

«Иә, мен әскерге бардым. Кеңес одағының соңғы сарбаздарының бірі болып әскери қызметте болып қайттым. Әскердегі өмірім екі жылға да жеткен жоқ. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін бәріміз қайтып кеттік. 

Ал ұлымды міндетті түрде қарулы күштер қатарына жіберемін. Қазір студент. Жалпы, мен ұлыма «Егер сабағыңды дұрыс оқымай, оқуыңнан шығып қалатын болсаң, мен тамыр-таныстығымды пайдалансам да сені әскердің ең қиын жеріне жіберемін» деп қамшылаймын. Рас айтып отырмын. Неге әскерге жібермеймін? Кезінде бізді кеңестік әскер қатарына мәжбүрлеп тұрып апарғанда, сол әскерден, тәуелсіз Қазақстанның әскерінен баламды неменеге алып қашуым керек? Ол еліміздің әскеріне қызмет етпегенде, жаудың әскеріне қызмет ете ме?

Баяғы КСРО кезінде әрбір оқу-жаттығудың, әшейін жай әскери жаттығудың өзінде адам шығынының белгілі бір проценті бар еді. Әскер болған соң онда адамның өлімі болады деп қабылдайтынмын. Мен енді оған соншалықты фашистік көзқараспен қарамаймын. Ал сол кеңес одағының кезінде әлімжеттіктің жетпіс жеті атасы болды. Біздегі оның кішкентай пұшпағы ғана.


Кезінде ол ел-жұртқа айтылмайтын. Горбачев билікке келген тұста ашықтық, демократия деген келе бастағанда әскердегі өмірге журналистер араласа бастады. Біз оқу-жаттығуда жүргенде саяси жетекшіміздің бізге айтқан сөзі әлі құлағымнан кетпейді. «Баланың бәрін тәрбиелеп өсіретін ата-анасы, шешесі. Көшеде біреудің бірдеңесін тартып алса, балабақшада біреудің тамағын тартып жеп қойса, біреуді жығып қойса, мақтанып «менің балам тентек, есесін жібермеді» деп айтып жүреді. Сосын кейін сол баласы әскерде таяқ жесе «баламды ұрып қойды» деп шырылдайды. Мен сонда екі жылдың ішінде жауынгер дайындауым керек пе? Жоқ әлде мен оларды қайтадан бастап кішкентай кезіндегі тәрбиесін қолға алуым керек пе», деп еді саяси жетекшіміз. 

Міне, әскердегі әлімжеттік көрсететіндерді біз үйде дайындап жүрміз. Мектеп оқушыларының, әсіресе қыз балалардың төбелесінен төбе шашың тік тұрады. Басына секіріп, бет-аузын қан-жоса қылудан тайынып тұрған жоқ ешқайсысы. Кешегі Талғардағы оқиғаның әлі есігі жабылмай отыр. Осының бәрі қазіргі тұрмыстық жағдайдан шығады. Әскердегі әлімжеттікті міне, осы әке-шешесінің қолындағы балалар жасап жатқан. Сырттан келіп жатқан ешкім жоқ.

Әрине, әскердегі адам өлімін, өлтірген адамдарды, ондағы зорлық-зомбылықты қолдап тұрған жоқпын. Қолдамаймын да. Бірақ дереу бірдеңе бола қалса, бүкіл әскерде, бүкіл бөлімде, бүкіл елде сондай екен деп шулай жөнеледі.

Қазір әскер балабақша болды. Келген баланы басынан-аяғына дейін түгел тексеріп қабылдап алады. Ата-ана үнемі бақылап отырады. Сарбаз армия қатарына алынғанда осы әскердің бар ыстық-суығына төземін деп ант қабылдайды ғой. Ол соған дайын болып бару керек. Бұл әскердің бірінде бірдей зорлық-зомбылық болып жатыр деген сөз емес. Әрине, бақылау болу керек. Мен әлімжеттіктің ешқайсысын дұрыс деп қабылдамаймын. Бірақ енді кейбір жігіттік әдет-ғұрыптар кішкене қалуы керек.


Ал әскерге бармайтындарды, баласын жібермейтіндерді Отанын сатқан опасыз, сатқын деп есептеймін. Неге менің балам баруы керек, неге олардыкі бармауы керек. Құдай бетін әрі қылсын, керек болса, мен де қолыма қару алып шығуға дайынмын. Басым әлі жерге еңкейе қойған жоқ, – дейді Сағаділдә Үсіпәлі.

«Ұлымның әскерге баратынын, я бармайтынын уақыт көрсетер»

Эстрада әншісі Саят Медеуов денсаулығына байланысты әскерге бара алмағанын жасырмады. Ал баласын әскерге жіберу-жібермеу туралы әлі нақты айта алмайтынын айтады.

«Мен денсаулығыма, бүйрегіме байланысты әскерге бара алмадым. Ал әскерге баруға баламның жасы әлі жете қойған жоқ. Жасы бесте әлі. Негізі ер-азаматтың әскер қатарына барғаны дұрыс қой. Бірақ енді қалай болатынын сәтіне қарай көрерміз. Мен де барғым келген, алайда денсаулығыма байланысты қалып қойдым. 

Бүгінгі әскердегі әлімжеттік мәселесіне келсек, ол әу заманнан болған дүние ғой. Кезінде әскерге барғандардың бәрі барғанда таяқ жеп, қайтатын кезде ұрып қайтқандар ғой. Ол сол заманда пайда болған жүйе. «Старшактар» деген нәрсе біздің мектепте оқыған кезде де, училищиге оқуға келгенде де болған. Бұл қайдан келгенін білмеймін, бірақ бізге дейін болған дүниелер ғой. Дегенмен бұл әлімжеттік деген нәрсе дымға да керек емес. Сыйластық дегенге ешнәрсе жетпейді.


Одан кейін үлкеннің кішіге күш көрсетуі, жасқа, жерге қарай бөліну де бар. Өзім армияға бармасам да, қалаға оқуға түскен кезде «жігіттерге бір-біріңе күш көрсетудің қажеті қанша, одан да сыйластық болсын, әлсізді жұмсау, төбелес деген нәрсені тоқтатайық» деп үгіт-насихат айтатынмын. Мен ол нәрсені жақтырмаймын, қарсымын, – деді белгілі әнші Саят Медеуов.

«Баланы әскерге тәуекелмен жіберуге тура келіп тұр»

Актер, драматург Нартай Сауданбекұлы да шығармашылықтың, жұмыстың соңынан жүріп әскерге бармағанын айтты. Ал әлімжеттік деген «дертті» жігіттік емес, жабайылық деп санайынын жеткізді.

«Өнер адамдары әскерге бармайды ғой (күліп). Негізі мен барғым-ақ келген. Менің екі бөлем де әскери адам. Бірі шекарашы, бірі әскери ұшқыш болды. Мен әскерге бармаймын деп құлшынып жүрген шақта 1998 жылы оқуды аяқтай сала ТЮЗ театры (Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – автор) жұмысқа шақырып алды. Сол театрдан шығармаған күйі жұмысқа салды да сонымен қалып қойдық. Біздің бала кезде әскерге бармау – қорлық саналатын, ақыл-есі дұрыс емес адам армияға бармайды дейтін. Қысқасы бала күнімізде нағыз ер азамат қана әскерге барады деген қағида болатын. Бірақ біз оқу бітіріп жатқан кезде өте қиын жағдай келді. 1993 жылдан 1999 жылдарға дейін әскерде бардак болды. Сарбаздар аш, жүйе жоқ. Қашып келіп жатқандар да болды. Осындай нәрселер де ой салғаны рас.

Ал баланы қазіргі жағдайда тәуекелмен жіберуге тура келіп тұр. Бірақ сол тәуекел де тесіп шығып жатыр ғой. Сау барғандардың қаншамасының денесі қайтып жатыр үйіне. Көз алдыңда жүрген қаншама бала майып болып келіп жатыр. Менің екі баламның достарының бірі жағын сындырып, біреуі бүйрегін түсіріп келді. Осындай жағдайлардан соң ойланып қалдық.


Әскердегі әлімжеттік деген – таза жабайылық. Имансыздық. Егер балаға кішкентай кезінен, үйінде, мектепте мал екеш малды да бастан ұруға болмайтынын түсіндіріп, шынайы мұсылман тілімен де, ісімен де біреуге зиянын тигізбейтінін санасына сіңіріп өсірсе онда баламызды қолына қару ұстап, елін қорғауға еркін жіберетін едік қой. 

Қазір қараңызшы? Не деген сұмдық болып кетті. Соғыс кезі болса бір сәрі екен. Айдың-күннің аманында елін-жерін қорғауға, азаматтық борышын өтеуге барады да, майып болып қайтады. Басы істемей келеді. Өткенде Түркияға барып, ота жасатып келген жігітті қарашы, обал ғой. Ол енді адам бола ма, болмай ма, бір Құдай білсін. 

Біз мына түрімізбен ұлт болып жарытпаймыз. Біз балаларды әскерге жіберу үшін үлкен мәдениеттен өткізуіміз керек. Ф.Ницшенің «Мәдениетті күшпен, зорлықпен сіңіру керек деген тамаша сөзі бар. Яғни мәдениет керек болса, күшпен сіңірілуі тиіс. Ал әскерден келген сәттегі неше түрлі алаулатып-жалаулатқан қарсы алу оқиғаларын көріп жатырмыз. Әрине, бүгінгідей жағдайда балаңның аман келгеніне қуанбағанда қайтпексің, – дейді Нартай Сауданбекұлы.


Жасұлан Бақытбек