Фото: pexels.com
Қазақстанда бүгін, 9 қыркүйекте, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салатын заң күшіне енді, оған шілдеде президент қол қойылған болатын, деп хабарлайды Ult.kz.
Құмар ойындар мен лотерея қызметіне қатысты түзетулер күшіне енді. Құмар ойындарға/бәс тігулерге қатысуға тыйым салынған тұлғалар тізімі кеңейтілді. Бұл тізімге қосымша түрде Біріңғай борышкерлер тізімінде тұрған адамдар (орындау өндірістері бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электронды дерекқор) енгізілді. Мемлекеттік жауапты лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалардың және оларға теңестірілген тұлғалардың құмар ойындарға/бәс тігулерге қатысуы антикоррупциялық шектеу арқылы шектелді.
Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігулерге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін жұмыстан босату көзделген.
Сонымен қатар, ресми Ақорданың Telegram-дағы арнасында бұрын хабарланғандай, құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу механизмдері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі құмар ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, бәс тігу және өткізілетін құмар ойындардың/бәс тігулердің жұмысын реттейтін типтік ережелерді бекітеді. Құмар ойын бизнесінің субъектілері осы ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына шектеулер енгізілді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы (визуалды) жарнамасына, олардың көліктік құралдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызметтерде жарнама жасауына тыйым салынды.
Тағы бір ерекшелігі, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнама; спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында; тіркелген, спорт тақырыбындағы бұқаралық ақпарат құралдарында және отандық телеарналарда халықаралық спорт жарыстарын тікелей эфирде көрсеткенде ғана жарнама рұқсат етіледі. Лотерея қызметін реттеу механизмдері жаңартылды.
Атап айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, діни ғимараттарда, мәдени ұйымдардың ғимараттары мен құрылыстарында, сондай-ақ әлеуметтік нысандарда (білім беру, денсаулық сақтау) лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынды, соның ішінде олардан жүз метр радиуста. Айта кетейік, 15 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев лудомания мәселесіне тоқталып, үкіметке Қазақстанда бұл мәселемен күрес жоспарын бекіту қажет екенін айтқан еді.