01 сәу, 2020 сағат 09:22

Қазақстанда коронавирустан үшінші науқас көз жұмды

1 сәуір таңертең Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыда бір науқас коронавирустан көз жұмғанын хабарлады, деп жазады "Ұлт ақпарат".

Қазақстанда барлығы үш адам вирустан қайтыс болды. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам қайтыс болған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны көз жұмған еді.

62 жастағы ер адам жақында екі жақты пневмониямен жұқпалы аурулар ауруханасына өте ауыр жағдайда жатқызылған, бұған дейін ол медициналық көмекке жүгінбеген. Реанимацияда оған белгіленген қауіпсіздік хаттамасына сәйкес барынша көмек көрсетілген. 

Өкінішке орай, дәрігерлердің көмегі науқастың өмірін сақтап қала алмады, ол таңғы сағат 7-де қайтыс болды. Онымен байланыста болған барлық адамдар анықталды және жабық карантинге орналастырылады.

Елде науқастардың жалпы саны 363 адамға жетті: 

  • Нұр-Сұлтанда - 184 адам
  • Алматыда - 84 адам
  • Қарағандыда - 14 адам
  • Атырау облысында - 16 адам
  • Ақмола облысында - 16 адам
  • Алматы облысында - 8 адам
  • Қызылорда облысында - 18 адам
  • Жамбыл облысында - 3 адам
  • Шымкентте - 3 адам
  • Батыс Қазақстан облысы - 2 адам
  • Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам
  • Ақтөбе облысында - 3 адам
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 2 адам
  • Павлодар облысында - 2 адам
  • Маңғыстау облысында - 1 адам
  • Түркістан облысында - 5 адам.

Коронавирустан 24 адам (Алматыда - 8 адам, Нұр-Сұлтанда - 16 адам) айыққан.