ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығы бойынша Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдері «Айбалта - 2019» ауқымды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында дабыл бойынша көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты әскери басқару органдарының үйлесімділігін жетілдіру, әскерлердің далалық машығын арттыру және әскерлердің басқаруда штабтар мен командирлердің тұрақты практикалық дағдыларын шыңдау болып табылады.
«Оқу-жаттығудың маневріне шамамен 8 мың әскери қызметші және 2 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, майдандық және армиялық авиация тартылды. Оқу-жаттығуға Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Арнайы операциялар күштері, арнайы әскерлер мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелері тартылды. Стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуға қатысушылар құрамдастырылған тәсілмен, өз жүрісімен, теміржол көлігімен, әскери-көлік авиациясының ұшақтарында көрсетілген ауданға қозғалыс жасап, белгіленген ауданға шоғырланып, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісті», - делінген министрлік ақпаратында.
Мәлім болғандай, әскерлердің теміржол көлігімен қозғалуы үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Оған 20-дан аса әскери эшелон тартылды. 400-ден астам әскери техника діттеген жерге сегіз колонна болып жетті. Қозғалыстың ұзындығы - 300-1000 шақырымнан астам.
Оқу-жаттығу өткізілетін аумақтағы жағдай қазіргі кездегі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі негізінде шынайы жауынгерлік іс-қимылдарға жақындатылып жасалды. «Көктал» полигонында материалдық-техникалық қамтамасыз етудің орталық базасы орналастырылды. Онда азық-түлік, киім-кешек және техникалық мүлік, жанар-жағармай материалдары, әскерлер топтамасының жауынгерлік қызметінің қажеттілігі үшін оқ-дәрілерге арналған қоймалар бар. Сондай-ақ жылжымалы мобильді әскери-далалық госпиталь ұйымдастырылды.
«Айбалта - 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Алматы облысының «Көктал» оқу-жаттығу полигонында өткізіліп жатыр және ол ағымдағы жылғы 3 мамырға дейін жалғасады.