14 мам, 2021 сағат 22:52

Қазақстан Премьер Лигасы: «Астана» қатарынан сегізінші рет жеңіске жетті


Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі он бірінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінге белгіленген кездесулер елордалық «Астана» мен Талдықорғанның «Жетісу» жұбының ойынымен мәресіне жетті. Турнир кестесінде алғашқы және соңғы орында тұрған командалар кездесуін жанкүйерлер асыға күткен анық. 

Ойын тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 4-минутта елордалық футболшы Марин Томасов өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Осылайша «Астана» қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Елордалық клуб қатарынан сегізінші мәрте жеңіске жетіп отыр. 

Бүгінгі жеңістен кейін «Астана» 29 ұпайға жинап, бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындағы «Тобылдың» 21, «Ақжайықтың» 18 ұпайы бар. 

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін аталған турда екі ойын өткізілді. Алдымен «Тұран» сырт алаңда қарағандылық «Шахтерді», одан кейін Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Қайратын» 1:0 есебімен жеңді.

Ал үшінші ойында «Ақтөбе» мен «Қайсар» тең түсті.

Ал 15 мамырда сағат 15.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Каспий» (Ақтау) кездессе, 17.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары шеберлік байқасады. Аталған турды сағат 19.00-де «Атырау» және «Тараз» кездесуі түйіндейді.