Фото: © Sputnik / Сергей Ким
Белгілі кәсіпкер, Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевтың жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақмола облысының соты 6 жылға сотталған Қайрат Боранбаевтың өтінішін қанағаттандырып, жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды.
Сот шешімі бойынша ол пробациялық бақылауда болады.
Үкімді ауыстыру кезінде келесі мән-жайлар ескерілген:
• сотталған адам жаза мерзімінің 1/3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеді;
• мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеп, тергеу жүргізу кезінде белсенді жәрдемдесіп, жасаған ісіне өкінді;
• қамауда болған кезеңде оң жағынан сипатталды. Мекеме әкімшілігі оның өтінішін қолдап, тиісті құжаттарды сотқа ұсынды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаев 2022 жылы наурызда қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаев өз еркімен мемлекетке 90 млрд теңгенің активтерін қайтарғанын мәлімдеді. Олардың арасында мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, қонақ үй және сауда ойын-сауық кешендері бар.
Бұдан кейін Қайрат Боранбаевтың мемлекетке кеңсе үй-жайларын, сауда-ойын-сауық кешенін және дене шынықтыру-сауықтыру желісін қайтарғаны хабарланды. Оның ішінде құны 33,75 млрд теңге болатын нысандар бар.
Боранбаев сонымен қатар тау кен орны мен газ тарату компанияларын мемлекетке қайтарды. Сондай-ақ құны 14 млрд теңге болатын газ тарату компаниясы да мемлекет меншігіне өтті. Астананың сол жағалауындағы қонақ үйін өз еркімен мемлекетке берді.
Боранбаев – ірі кәсіпкер, Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі. Оның қызы Әлима 2020 жылы жазда Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.