Бағжан Октябрь сүйіктісі бар екенін айтты

Бағжан Октябрь сүйіктісі бар екенін айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Танымал виолончелист Бағжан Октябрь сүйіктісі бар екенін мәлімдеді,  деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі осылайша жеке өміріне қатысты жаңалығын бөлісті. Ол әкесі Өктем Алтаев екеуі студияға қонаққа барған. Сол жерде тележүргізушілер Бағжаннан сүйіктісі туралы сұрады. 

Өктем Алтаев іле-шала “Осы сұрақ бізді де мазалайды. Біз де білмейміз”, - деді. 

Сол сәтте Бағжан Октябрь сүйіктісі бар екенін айтты. 

Айта кетейік, Бағжан Октябрь Ыстамбұл орталығында Абай Құнанбаевтың "Көзімнің қарасы" атты туындысын орындады. 

Бағжан Октябрь кім?

Бағжан Октябрь – қазақстандық виолончелист, «Терапия души» концерттік жобасының авторы. Ол классикалық аспапта қазақ күйлерін, танымал әндер мен кино әуендерін орындап, көпшілікке танылды. Табиғат аясында түсірілген музыкалық видеолары оның Қазақстаннан тыс жерлерде де тыңдарман жинауына ықпал етті.

Музыкант Түркістан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Әкесі – музыкант әрі композитор Өктем Алтаев. Бағжан 2002 жылы отбасымен Алматыға көшкен. Әкесінің өнері оның музыкаға бет бұруына әсер еткен.

Ол алты жасында Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепке қабылданған. Бағжанның айтуынша, сол кезде виолончельдің қандай аспап екенін де білмеген. Ұстаздары оның қолының икеміне қарап, осы аспапта ойнауға бейімі бар деп шешкен. Бесінші сыныпта Италиядағы музыкалық байқауда бірінші орын алып, кейін Астанада оқуын жалғастыруға шақырту алған. Елордада колледжді және Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған. Студент кезінде «Солистер академиясы» симфониялық оркестрінде ойнап, алғашқы музыкалық видеоларын түсіре бастаған.

«Терапия души» жобасында ол классикалық музыканы қазақ күйлерімен, авторлық туындылармен және түрік телехикаяларының әуендерімен ұштастырады. Оның шығармаларына аранжировка жасауға қарындасы Аружан Октябрь де қатысады. Музыкант Қазақстанда және шетелде концерт беріп жүр. 2025 жылы Forbes Kazakhstan басылымының «30 жасқа дейінгі 30» тізіміне енген.

Бағжан балаларды музыкаға баулуға да көңіл бөледі. Ол жеті жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған «Менің балам — Моцарт» жобасын құрған. Мұнда балаларға бір орында үнсіз отыру міндеттелмейді: олар музыка тыңдап, еркін қозғалып, ойнап, аспаптармен таныса алады. Жоба 2022 жылғы 19 ақпанда басталған.