04 сәу, 2025 сағат 15:14

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде қандай мәселелерді көтерді?

Фото: Ақорда

Президент «Орталық Азия – Еуропа одағы» саммитіне қатысып, сауда және экспорт, энергетика, халықаралық қатынастар және т.б. тақырыптарда сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен:

Сауда және экспорт 

- Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын;

- Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады;

- Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Қазақстан мұны жоғары бағалайды және шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытады. 

Энергетика және тасымал 

- Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен жаңартылатын энергия көздері және «жасыл» сутегі өндірісі жобалары қолға алынды; 

- Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады;

- Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар;

- Еліміз ЕҚДБ банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр;

- Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. Мақсат – 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу;

- Қазақстан әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Технология және инновация 

- Жыл басында Қазақстанда Президент жанындағы Жасанды интеллект бойынша халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды;

- 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр;   

- Астанада AlemАi жоғары технологиялар орталығы құрылуда;

- Президент Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынды.

Ғылым және білім

- Президент Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды;

- Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға ерекше басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеу жөнінде бастама көтерілді.

Халықаралық саясат және қауіпсіздік

- Жаһандық тұрақсыздық жағдайында әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде барынша ұстамдылық пен жауапкершілік таныту керек;

- Барлық елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға,  сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді.

- БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі.

- Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптайды.  Мәселенің күрделі екеніне қарамастан, шиеленістің оң шешімін табатынына сенім артады.