Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналып келеді

Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналып келеді
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық тазалық шарасынан шығып, азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқанын айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Президенттің айтуынша, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленеді. Сондықтан табиғи байлықты сақтау – ел азаматтарының ғана емес, халықаралық қоғамдастықтың алдындағы да жауапкершілік.

Тоқаев табиғатты қорғау қағидаттары Қазақстанның жаңа Конституциясында көрініс тапқанын атап өтті. Оның сөзінше, ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңда бекітілген.

«Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы табиғи байлықты сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екенін де айтты.

Оның пікірінше, «Таза Қазақстан» акциясы осы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Қозғалыстың қоғам өміріне ықпалы артып, азаматтардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуі маңызды.