Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады – Тоқаев

Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады – Тоқаев
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөйлеген сөзінде Каспий итбалығының саны азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, оны сақтап қалу үшін теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты күш біріктіруге шақырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда сирек кездесетін жануарларды қорғау және көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тоқаевтың айтуынша, соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда бұл жануар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енгізілген.

«Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жақында Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде теңіздің нәзік экожүйесіне орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырған.

Қазақстанда сирек кездесетін жануарлар көбейіп келеді

Президент биологиялық алуантүрлілікті сақтау бағытында Қазақстанның бірқатар нәтижеге қол жеткізгенін айтты. Соның бірі – киік популяциясының көбеюі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, 2003 жылы Қазақстанда небәрі 21 мың киік болса, биыл көктемге қарай олардың саны 4,7 миллионға жеткен. Қазір әлемдегі киіктердің шамамен 98 пайызы қазақ даласын мекендейді.

Сондай-ақ қар барысын қорғау жұмыстарының нәтижесі де аталды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында жойылып кету қаупі төнген ілбістің саны жүйелі қорғау және ғылыми мониторинг шараларының арқасында шамамен 190-ға дейін көбейген. Қар барысы мекендейтін ортаның 70 пайызға жуығы Қазақстандағы қорғалатын аумақтарға тиесілі.

Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру

Президент Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресейге, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге алғыс айтты.

Оның сөзінше, биыл шілдеде 70 жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болған.

Бұдан бөлек, Чехия, Германия және Мажарстанның серіктестігімен Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстары қолға алынған.

Президенттің айтуынша, сирек кездесетін жануарларды сақтау үшін мемлекеттік органдардың, ғалымдардың және халықаралық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды. Каспийдің экожүйесін қорғау да осы бағыттағы басым міндеттердің бірі болып қала береді.