10 мау, 2019 сағат 15:40

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл сайлау өте ашық түрде өтті

Бүгін Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудағы қарсыластарына алғыс  айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғысымды айтқым келеді. Бұл үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті орындау мен үшін үлкен міндет. Бұл - халықтың сенімі. Сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өтті. Сайлау барысын мыңнан астам халықаралық байқаушы қадағалады. Әлемнің 40 елінен келген 350-ге жуық шетелдік журналистер дүниежүзіне хабар таратты.

Бұл сайлаудың ерекшелігі - көп кандидаттың тіркелуі. 7 кандидат сайлауға қатысты. Олар өз бағдарламасын жариялау мүмкіншілігіне ие болды. Бұл - жай ғана дауыс беру емес, азаматтарымыздың ел болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Сондықтан бұл сайлау қызықты, өте ашық түрде өтті деп айтуға болады. Олардың ұсыныстары, пікірлері өте ұтымды болды. Ең пайдалы ұсыныстарын міндетті түрде мен өз жұмысым барысында пайдаланамын. Сондықтан өзге канидаттарға, өзге үміткерлерге алғысымды білдіргім келеді.

Сайлауға өте көп адам келді, ешкім ешкімді мәжбүрлеген жоқ. Бәрі табиғи түрде өтті. Сайлау қорытындысына қанағаттанғанымды білдіруге барлық негіз бар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетсек, Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Осы жолы мемлекет басшысы лауазымына жеті кандидат таласты.

10 маусымда Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Nur Otan партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76% дауыс жинап, жеңіске жетті.