24 қар, 2019 сағат 21:21

Ержан Максим «Junior Eurovision-2019» ән байқауында екінші орын алды (Видео)

Польшаның Гливице қаласында өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Грузия, Беларусь, Уэльс, Украина, Польша, Нидерланды және Сербия ең жоғары боп есептелетін 12 балын отандасымызға берді. Ал, біздің ел өз дауысын польшалық қатысушыға сыйлады.

Осылайша, қазылардың берген бағасы бойынша бірінші орын алған Ержан онлайн дауыс беру қорытындысында 79 ұпай жинады. Нәтижесінде қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орынға тұрақтаса, байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польша елінің өкілі Вики Габор жеңіп алды.

Тарихта алғаш рет бір ел қатарынан екі мәрте жеңімпаз атанып отыр. Виктория Габор "Superhero" әнін поляк және ағылшын тілінде шырқады.  

Үздік үштікті испаниялық Мелани Гарсия "Marte" (Марс) әнімен түйіндеді. 

Ержан Максим "Балалар Евровидениесі" байқауында "Armanyńnan Qalma" әнін орындап, Қазақстанды жоғары деңгейді таныстырды.

Әншіні сахнада би балеті сүйемелдеді. Ал концерт залындағы көрермендер ду қол шапалақтап, ерек құрмет көрсетті.

Ержан Максимнен басқа сайысқа 18 елдің өкілі қатысты.