02 там, 2024 сағат 11:13

Ильин де, мен де допинг іштім, Алексей Ниді ұстап алып соттау керек – Алмас Өтешов

Фото: Instagram.com

Қызылордалық ауыр атлетші, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына сұхбат беріп, бүгінде Алматыда күзетші қызметін атқарып жүргенін жасырмады. Оның айтуынша, мұндай күйге түсуіне допинг дауы әсер еткен. Ол спортшылардың допинг ішетіні рас екенін, оған спорт саласындағы басшылардың өздері мүдделі екенін жасырмай әңгімеледі.

«Пропионат, тестостерон, станозолол сияқты гармоналды препараттардың бәрін іштік. Оны ішпесең көтере алмайсың. Таза ағзам 200 келіден артық көтеруге шамасы жетпейді. Допингтің көмегімен 230 келіге дейін болады», - дейді Алмас Өтешов.


Өтешов қазір түрмеде отырған экс-министр Талғат Ермегияов Халық ауыр атлетика федерациясымен тығыз жұмыс істегенін айтты. Ұзақ уақыт осы ұйымды басқарған мажарстандық Тамаш Аянмен өте жақсы қарым-қатынаста болыпты. Егер Ермегияев түрмеге түспегенде Қазақстан ауыр атлетикасы мұндай аянышты халге түспес еді, дейді ол.

«Дәрі-дәрмектің бәрін өзіміз жайдан-жай ішпейміз. Бізде медициналық штаб, бас бапкер, аға бапкер бар, солар береді», - дейді спортшы.


Ол осы ретте Илья Ильин қаншама марапат пен атаққа бөленіп, алған қаржысы мен пәтерін неге қайтармайды деген сұраққа жауап берді.

«Менің де үш бөлмелі пәтерім бар. Мен неге қайтаруым керек? Біле білсек, Үкімет бізді де пайдаланды.  Халықаралық аренада ту көтердік. Ішкізетінін ішкізді, салатынын салды.  Дәрі-дәрмектің бәрін Қытай немесе Ресей әкеліп берген жоқ. Өзіміздің Үкімет ұсынды. Бәрін бүлдіріп жүргеннің бірі – экс-бапкер Алексей Ни. Ұстап алып, соттау керек. Бәріне кінәлі сол. Қазір Қазақстанда жоқ. Бізге 2006 жылы 30 млн долларым бар деп мақтанатын», - дейді Алмас Өтешов.