Ақын-жазушыны "адам жанының инженері" деп атап, шығармашылық демалысқа жіберіп, пәтер бөліп, қаламақы төлеп, жеке шығармашылығын бюджет қаржыландыратын мамандық қылып, коммунистік мораль мен идеология насихатшыларына айналдырған совет режимі енді қайтып келмейді, "балдар". Ақын-жазушылық мамандық та емес, күнкөріс кәсібі де емес, идеология құралы да емес, билік өкілдері бір-жерден екінші жерге оп-оңай көшіріп ала қоятын, я қуып жібере салатын ләппай қызметкер де емес. Бұл - сөз шеберінің таланты ұшталған сайын, қабілеті күшейген сайын, білімі тереңдеген сайын негізгі мамандығы мен негізгі кәсібін ығыстырып шығарып, табиғи түрде һәм шабыттың, һәм күнкөрістің сарқылмас көзіне айналатын, ең бастысы әлгі шеберге тәуелсіздік сыйлайтын еркін шығармашылық. Саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері бөлектеу болса да, "жақсымен салыстырып, жақсыға ұмтылу" принципімен Батыстағы өз замандастарымызды мысал етейін.
Мәселен, Зэди Смит. Ұлыбританияның қазіргі ең әйгілі жас жазушыларының бірі. Әкесі - ағылшын, шешесі - ямайкалық. Лондонның солтүстік-батыс ауданындағы жұпыны жалдамалы үйде бой жетті. 14 жасында ата-анасы ажырасып, мигрант шешесімен қалып қойды. Жекеменшік бай коллеждерде емес, қарапайым мемлекеттік бастауыш һәм орта мектептерде оқыды. Бірақ таланттың аты - талант. Кембридж университетіне өз күшімен түсті. Әйгілі "Маржан тіс" романын сол университетте үздік оқып жүріп жазып тастады. Әлемдік әдебиет деңгейінде сенсацияға айналды. Бірден байлық біткен жоқ. "Талантты жазушымын, Лондон мэриясы пәтер сыйламады, Ұлыбритания үкіметі "Дарын" сыйлығын бермеді" деп ішіп кетпеді. Содан кейінгі қаншама жүлде алған романдарын негізгі мамандығы әдебиеттану бойынша университеттерде сабақ беріп жүріп, қолы сәл қалт екен бос уақыттарында жазып шықты. Мінеки, ашып көрсетейін:
"Қолтаңба бергіш" романын Лондондағы заманауи өнер институтында және Гарвард университетінде дәріс оқып жүріп жазды. "Сұлулық" романын Колумбия және Нью-Йорк университеттерінде сабақ беріп жүріп, "Солтүстік-Батыс" романын "Харперс" әдеби шолу журналында жұмыс істеп жүріп жазды. Былтыр "Әткеншек заман" романын бітірді. Әрбір романы - кейіпкерлердің психологиясын, әлеуметтік ортасын, тарихи кезеңін, түрлі мамандығын сипаттау тереңдігі бойынша жеке бір докторлық еңбекке татиды. Мысалы, "Маржан тістегі" Ұлыбританияға көшкен бангладештік мұсылман отбасының говоры мен туыстық қарым-қатынасын сипаттауын оқып отырып, автордың өзіне жат діни һәм әлеуметтік ортаны тану тәсіліне, ғажайып диалогтарына қайран қалдым. Көркем шығарманың кейіпкерлері мен сюжеті ойдан шығарылған болуы мүмкін, бірақ көркем жазу техникасы - шахмат ережесі сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан һәм үздіксіз жетіліп жатқан ғылым. Сол ғылымның академигіне айналған ақын-жазушы ғана шығармашылығы асырайтын деңгейге шыға алады. Мұндай әлемдік ауқымдағы шынайы сөз шеберіне айналудың шарттары көп. Меніңше, ең маңыздылары - тума талант (сергек һәм азат ақыл, терең зейін мен байқағыштық қабілеті), кең дүниетаным (әлемді мейілінше кезу, әрқилы тілдік, діндік, мәдени, саяси, экономикалық ортада тұрмыс кешіп көру), академиялық білім (тыңғылықты теориялық дайындық) және өз жанын жалаңаштай алу қабілеті (саяси-діни көзқарасқа, табуға тәуелді болмау, мысалы, өзін "Дьявол" әңгімесінде аямай сойған Толстой сияқты; Леонардо да Винчи мінсіз мүсін жасап, дәл сурет салу үшін қалай мәйіт жіліктесе, мықты жазушы шынайы образдар тудыру үшін тура солай өз мінезін әшкерелеп, табиғатын мүшелеп, барлық безін сылып шығады). Өзіне ғашық публицистер мен пропагандистер бұл бәсекеге шыдай алмайды. "Талантты жазушының қолымен я періште, я шайтан жазады, қалғандары өздері жазады" дейтін әзіл бекер айтылмаған.
Пост-советтік қоғамдағы шығармашылық өкілдерін "таланттарың ұшталмаған, академиялық білімдерің кем, шетел көрмегенсіңдер" деп сөгу, әлбетте, снобизм болар еді. Халқының саны аз, нарқының сатып алу қабілеті әлсіз, кеше ғана большевизмнің тырнағынан құтылған елдегі әдеби ортаның қазіргі сипаты да, дәл бүгінгі мұраты да бөлек екені сөзсіз. Бірақ, әлемдік көркем әдебиеттің шеберлік стандарттары ақын-жазушының өмір сүріп жатқан қоғамы мен режиміне қарай бейімделіп өзгермейді. Өз биігінде тұрады. Ал постсоветтік жас ақын-жазушылар - мемлекеттің шетелде оқуға, я өз елінде білім ұштауға бөліп жатқан азды-көпті бағдарламаларына қатысуға шамасы бар ең әлеуетті, алдыңғы қатарлы, көзі ашық топ. Шығармашылық еркіндікке, көркем әдебиет шеберлігіне жету құлшынысы күшті болса, тұрмыс қиындығын, я қызметіндегі цензураны сылтауратып бұлғалақтап жүріп алмауы керек. Құдайға шүкір, жылт еткен әрбір мүмкіндікті пайдаланып, сыртқа шығып, тіл үйреніп, қал-қадарынша аймақтық, батыстық әдеби орталарға ұмтылып жатқан қазақстандық замандастарым бар. Солардың талабы мен тәуекеліне сүйсінем.
Солай, іні-қарындастар, таланттарыңды қор қылмаңдар, білімдеріңді жетілдіріңдер, бірнеше тілде сайраңдар, "жеті қат жерден оңай басқыш болып" ұшыңдар әдебиет ғарышына, бір-бір шабыт періштесін табыңдар. Сосын жүресіңдер Зэди Смит құсап Лондонда оянып, Миланда түскі ас ішіп, Нью-Йорктегі әдеби кешке қатысып. Ал бағзы заманнан бері бір-бірінен көшіріп, "өздері жазып келе жатқан" режимшіл публицистердің, ессіз пропагандистердің һәм ұятсыз плагиаторлардың ұраншыл сөздеріне мән бермеңдер.
P.S. Әдебиет туралы пікірталасқа түскен тараптардың әлдебірін сөгіп, әлдебірін жақтап отырған жоқпын, сөзімді бәріне жалпылай арнап отырмын.
Ғалым Боқаштың фэйсбуктағы жазбасынан