21 мам, 2021 сағат 11:06

Футбол: Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониямен жолдастық кездесу өткізеді


Футболдан Қазақстан құрамасы 4 маусымда Солтүстік Македониямен жолдастық кездесу өткізеді.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті

Айта кетуіміз керек, қос құрама осы кезге дейін ешқандай кездесу өткізбеген. Македондық футболшылар биыл Еуропа біріншілігі финалдық кезеңінде С тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары - Украина, Нидерланды және Австрия құрамалары. Аталған дода Еуропаның 11 қаласында болады.

2015 жылдан бастап бұл елдің құрамасын жергілікті маман Игорь Ангеловски жаттықтырады. Қазіргі құрамда Горан Пандев, Энис Барди және Эзган Алиоски сияқты белгілі футболшылар бар.

Кездесу аталған елдің астанасы - Скопье қаласындағы Тоше Проески атындағы аренада өтеді.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық құраманың дәл сол күні Косовомен жолдастық кездесуі ұйымдастырылуы тиіс еді. Дегенмен бірқатар себептерге байланысты ол матч өтпейтін болып шешілді. 

2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде Солтүстік Македония J тобында ойнауда. Үш ойыннан алты ұпай жинап, турнир кестесінде алты құрама арасында екінші орында келеді. Ал Қазақстан D тобында екі ойыннан кейін бір ұпаймен бесінші орында тұр. 

FIFA рейтингінде Солтүстік Македония 62, Қазақстан 124-орынға жайғасқан. 

Айта кетерлігі, 7 маусымда Қазақстан құрамасы Мальтамен жолдастық кездесу өткізеді.