10 шіл, 2019 сағат 11:06

Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты

Елорданың Есіл ауданының №2 соты білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, тергеу кезінде Суханбердиева мен Шевернияева кінәні толығымен мойындап, өз еркімен процессуалды келісімге келді. Прокурор вице-министрге 2500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (6 312 500 теңге), ал Елена Шеверняеваға 500 АЕК мөлшерінде (1 262 500 теңге) айыппұл салуды ұсынды. Бұдан бөлек, жекеменшік мектеп директорының кабинетінен тәркіленген 11 475 300 теңгені мемлекет меншігіне алып қоюды сұраған.

Бүгін судья Бақытжан Есенов соттың шешімін жариялады. Оған сәйкес, прокурордың барлық талабын қанағаттандырды. 

Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік органдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот вице-министрді "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасынан айыруға ұсыныс енгізді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды және 2 айға қамауға алынды.

9 шілде күні сот отырысы өтіп, ол өз кінәсін мойындады.