Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысу үшін Қосшыдағы №2 орта мектепке барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар. Білім күнімен құттықтаймын. Пандемияға байланысты 1,5 жылдай қашықтан оқуға тура келді. Биылғы оқу жылын дәстүрлі түрде оқудың сәті түсті. Жалпы ел бойынша 7500 мектепте 3 млн 600 бала жаңа оқу жылын бастап отыр. 1 қыркүйек, әсіресе мектеп табылдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер үшін ерекше. Қашықтан оқу білім алу процесінің маңызы мен ондағы мұғалімнің рөлін айқын көсетіп берді. Біздің ұстаздар пандемияға қарамастан онлайн форматқа тез бейімделіп балаларымызға білім берді. Биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі, 1 сыныпқа Әліппені қайтарып отырмыз. Әліппенің негізі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне сай қаланған. Бұл бұрыннан бар дүние біз оны жаңғыртып отырмыз. Осылайша еліміздегі барлық бүлдіршіндер алғаш рет Әліппені қолдарына ұстап отыр. Жаңа оқу жылы табысты болсын", - деді Аймағамбетов салтанатты шарада.
Целиноград аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтың айтуынша, жаңа оқу жылында қаладағы бірінші сынып оқушыларының саны 1000-нан асқан.
"2021 жылы Қосшы қаласындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектепте бірінші сынып оқушылары - 385. № 2 орта мектепте - 635 бірінші сынып оқушысы, "Дара" бизнес академиясы" мектеп-лицейінде - 96 бірінші сынып оқушысы бар.
Жалпы, биыл қаладағы бірінші сынып оқушыларының саны - 1116 бала. Бұл былтырғымен салыстырғанда көп. Былтыр Лесная полянадағы мектепте 480 бірінші сынып оқушысы болды. Бірінші мектепте 320 бала болды", - деді Қанат Ахметов.
Оның айтуынша, Лесная полянадағы мектепте биыл бірінші сынып оқушыларының көптігіне байланысты 1 "Ы" сыныбын ашуға тура келген. Мектепте барлығы 26 бірінші сынып бар.
Ал Қазақстан бойынша бірінші сыныпқа 394 мыңға жуық бала барған.
Айта кетейік, жергілікті мұғалімдер 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін көтерген болатын.
Биыл Нұр-Сұлтаннан 20 шақырым жерде орналасқан Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қалаға айналды.