Жантүршігерлік жол апаты: Жетісуда екі адам қаза тауып, 10 жолаушы жарақат алды

Жантүршігерлік жол апаты: Жетісуда екі адам қаза тауып, 10 жолаушы жарақат алды
Видеодан скриншот

Жетісу облысында Mercedes-Benz Sprinter микроавтобусы КамАЗ жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тапты. Тағы 10 жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Алматы – Өскемен автожолының 143-шақырымында болған. Соқтығыс кезінде микроавтобус КамАЗ тіркемесінің астына кіріп кеткен.

«Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта қозғалған Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі өзімен бір бағытта келе жатқан КамАЗ тіркемесімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Sprinter көлігіндегі тағы 10 жолаушы түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді», – делінген полиция хабарламасында.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, апаттың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Микроавтобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.