08 қар, 2021 сағат 23:38

Елімізде жол ережесін бұзған көліктердің 20 пайызы шетелде тіркелген


Қазақстанда жол-көлік ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің 20 пайызы - шетелдік көлік иелері. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынына келсек, кейбір тіркелмеген көлік иелері заң әсер етпейді деп ойлайды. Көлігін тіркемегенімен қоймай жол ережесін қатаң бұзатындар бар. Осы орайда біз талдау жасадық. Бүгінге таңда жолда жүру ережесін бұзу жағдайының 20 пайызы шетелден әкелген көлік жүргізушілеріне тиесілі. Бұл дегеніміз 2,5 млн ережесін бұзу жағдайының 550 мыңын көлікті сырттан әкелген жүргізушілер бұзып отыр деген сөз», - деді Серік Түсіпов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, жол ережесін бұзу автоматты бейнебақылау және тіркеу құрылғысы арқылы қадағаланады. 

«Әрине, біз барлық шетелдік көліктің жүргізушілері жол ережесін бұзады деп айтпаймыз. Дегенмен көлікті ресми тіркеу немесе жол ережесін сақтау секілді заң талабын белшесінен басып жүретіндердің бары рас. Тіпті бізде жолда жүру ережесін 100 реттен артық бұзған рекордшы жүргізуші фактісі де бар. Оған салынған айыппұл 500 мың теңгені шамалайды», - дейді ол.