24 мам, 2021 сағат 17:40

Екі қазақстандық пара таеквондошы Токио жолдамасын иеленді


Қазақстандық пара таеквондошылар Токио-2020 ойындарына тағы 2 жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық паралимпиадалық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қуанышты хабар Иордания астанасында өтіп жатқан Азия квалификациялық жарысынан келіп жетті. Ол жерде қазақстандық паралимпиадашылар Нышан Өмірәлі ерлер арасында 75 келіде және Кәмила Ақылбай әйелдер арасында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, жолдамаға ие болды. Әдеттегі жарыстарда К-43 санатында өнер көрсетіп жүрген қос спортшымыз да Токиода паралимпиада ойындарының ережелеріне сай К-44 санатында бақ сынамақ», делінген комитеттің хабарламасында. 

Еске сала кетсек, былтыр қаңтар айында паралимпиадашылар арасында ең алғашқы болып жолдамаға иеленген пара таеквондошы Нұрлан Домбаев еді. Жалпы есепте Токиода 3 пара таеквондошымыз бақ сынамақ.