07 қар, 2020 сағат 21:00

Джо Байден - АҚШ-тың жаңа Президенті

 

Америка Құрама Штаттарында өтіп жатқан президент сайлауында демократиялық партия атынан бақ сынаған Джо Байден 7 қарашада Пенсильвания штатында қазіргі президент Дональд Трамптан басым түсті.

Осылайша, ол АҚШ президенті атануға қажет дауысты жинап отыр.

CNN мен AP мәліметінше, сайлау барысында 77 жастағы Байден таңдаушылардың 273 даусын жинап, АҚШ-тың қазіргі президенті, республикалық партия үміткері Дональд Трампты басып озған. 

Президент атану үшін кандидат кем дегенде 270 дауыс жинауы тиіс. Байден Пенсильвания штатында өзіне жетпей тұрған дауыс көлемін жинап, қарсыласынан қара үзіп кетті. Ол арадағы алшақтықты 31 мың дауысқа дейін арттырған.

Алайда Пенсильвания мен дауыс беру әлі түбегейлі аяқталмаған Джорджия, Невада мен Аризона штатында да алда келеді.

Байден Twitter-де сайлаушыларына алғыс білдіріп, барлық америкалықтардың президенті болуға уәде берді.

Байденнің президент сайлауындағы қарсыласы, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жеңілгенін әлі мойындаған жоқ. Мұның алдында ол Twitter-де жеңіске жеткенін мәлімдеген еді.

Трамптың заңгерлері дауыс айырмашылығы мардымсыз болған Пенсильвания, Мичиган, Джорджия сияқты штаттарда дауыстарды қайта санатқызуы ықтимал.

Сайлаушылар алқасы президентті 14 желтоқсаннан кейін ресми түрде сайлауы тиіс.

Ал, Президенттің мерзімі келер жылдың 20 қаңтарында басталады.

Айта кету керек, бұл сайлауда Джо Байден АҚШ тарихында осы лауазымға үміткер болған бүкіл кандидаттан көп дауыс жинады. AP мәліметіне сенсек, қазіргі таңда саналған бюллетеньдердің 74,8 миллионы Байденге дауыс берген. Ал 70,5 миллион сайлаушы Дональд Трампты қолдаған.

Американың экс-президенті Барак Обама 2008 жылы 66 миллион дауыс жинаса, қазіргі президент Дональ Трамп 2016 жылы 62 миллион сайлаушының сеніміне ие болған еді. Демек, Байден бұған дейінгі рекордтың бәрінен басым түсіп отыр. Дегенмен ереже бойынша президент сайлауының жеңімпазы сайлаушылардың емес, таңдаушылардың даусына қарай белгілі болады.

2009 жылы Джо Байден Американың 47-ші вице-президенті атанып, Барак Обамамен бірге қызметіне кіріскен болатын. Ол 2017 жылға дейін осы лауазымда еңбек етті. Оған дейін Байден 35 жыл бойы Делавэр штаты атынан сенатор болған.