18 жел, 2019 сағат 09:39

Допингпен ұсталған спортшыларға жазаны күшейтетін заң күшіне енеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Дене шынықтыру және спорт комитетіне сілтеме жасап.

Заң допингке қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

«Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді», - делірнген комитеттің хабарламасында.

Сонымен қатар, допингті пайдаланғаны үшін заң жобасында:

- дисквалификация;

- спортшының спорттағы нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау;

- ақшалай көтермелеуді қайтару;

- спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату;

- спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату;

- спорттық атағынан айыру;

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу;

- спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару жазалары қарастырылған.

Сондай-ақ, заңнамада Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға баспана беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген. Егер осы кезеңде сынамада допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне беріледі.