16 қаң, 2019 сағат 12:51

Дәурен Абаев 2018 жылы атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз басқаратын ведомствоның өткен жылы атқарған негізгі жұмыстарына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Халқымызда «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген аталы сөз бар. Рас, 2018 түрлі оқиғалар мен жаңалыққа толы жыл болды. Біраз шаруа атқарылды, іргелі істер игерілді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бір жылдағы негізгі жетістіктеріне тоқтала кетуді жөн санап отырмын. Ең алдымен, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Былтыр «Астана хаб» технологиялық паркі өз жұмысын бастады. Бұл технопарктің аясында білуге құмар, үйренуге ынталы жастарымыздың цифрлық мүмкіндіктерін дамыту үшін жан-жақты жағдайлардың барлығы қарастырылған. Қазір Қазақстанның бес қаласында смарт сити тұжырымдасы іске қосылуда»,  - деді Дәурен Абаев Фейсбуктегі парақшасында жария еткен видео материалында.

Оның атап өтуінше, жыл бойы ел тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметті ыңғайлы қалыпқа түсіруге бағытталған жұмыстар да бір сәтте тоқтаған жоқ. Былтыр алдымен Астанада содан кейін Алматы мен Шымкент шаһарларында және Қостанай қаласында цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды.

Сондай-ақ Қазақстанның 7 қаласында миграциялық қызмет көрсету орталықтары іске қосылып, шетел азаматтарына «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету жүзеге асты. 20 мың шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі құрылысы басталды. Бұл шалғай ауылдарды мекендейтін ел тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуге жол ашады.

«Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы аталып өтілген жылы, яғни былтыр аймақтарды цифрлық хабар таратуға көшіріп, анологты хабар таратуды біртіндеп тоқтата бастадық. Шекаралық аймақтарда мемлекеттік радио хабарын тарату жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл көптеген жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе болатын. Еліміздің журналистерін ынталандыру мақсатында «Үркер», «Тұмар» ұлттық сыйлықтарын табыстау мен медиа саланы жандандыру бойынша ұйымдастырылған «Астана медиа уик» шарасы да табысты өтті. Отандық телеарналар мен продакшн студиялар қазірдің өзінде жоғары рейтингке ие болған 46 сериал түсірді. Біз санды емес сапаны арттыруға көп көңіл бөлдік. Мемлекеттік тапсырыспен түсірілген сериалдардың жанрлары да сан-алуан. Тарих, таным, тіл, дәстүр, спорт тақырыптары да кеңінен қамтылған», - деді министр.

Сонымен қатар ол өткен жылдың қараша айынан бастап «Егемен Қазақстан» газеті латын әліпбиімен жазылған мақалаларға әр санының бір бетін арнай бастағандығын атап өтеді.

«Бұл ұлттық әліпбиімізге деген бетбұрыстың алғашқы қадамдарының бірі ретінде тарихта қалатындығы даусыз. Тамаша-тв телеарнасының ашылуы да өткен жылдың Қазақ телевизиясына берген сарқыты. Сонымен қатар «Қазақстаның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі өткізілді. Осы айда қорытындысы белгілі болады. Ал 2018 жылы Қазақстан  халықаралық балалар Еуровидениесі байқауына алғаш рет қатысты. Бұл біздің Еуропалық хабар тарату одағымен біріккен жұмысымыздың оң нәтижесі. Ашық үкімет порталының да жұмысы оңтайландырылды. Заң жобаларын жетілдіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл 2018 жылы атқарылған жмұыстардың бір бөлігі ғана. Бір адамның ғана емес, сіз бен біздің бір жұдырықтай жұмылып атқарған ауқымды жұмыстардың көрінісі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» дейді. Сондықтан алда бізді әлі де көптеген іргелі істер күтіп тұр. Демек, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп», - деп түйіндейді сөзін Дәурен Абаев.