21 ақп, 2022 сағат 11:10

Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталды


Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ақпаратты Бас прокуратураның баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы, қызметтегі әрекетсіздік дерегі бойынша соталды тергеуді бастады.

2022 жылдың 20 ақпанында осы қылмысты жасады деген күдікпен Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.

Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, Президент 19 қаңтарда Бектановты сынға алып, қызметінен босатқан болатын. Тоқаевтың айтуынша, Мұрат Бектанов Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезеңінде командир ретінде қабілетін көрсете алмаған.