#
#
Жексенбі 01/11/2020

Бүгін - Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

  • 05.09.2020
  • 0
  • 603

Бүгін, қыркүйектің 5-і — Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, түркітанушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. 2017 жылы Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс екенін атап өтіп, Ахмет Байтұрсынұлының сөзін мысалға келтірген еді. 

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек» делінген Мемлекет басшысының Жолдауында. 

Осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» үкіметтің қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. 5 қыркүйекке ауыстыру себебі – бұл күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

2017 жылы осы қаулы қабылданған кезде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов пікір білдірген болатын.

«ҚР Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Сол үшін барлықтарыңызды құттықтағым келеді. Бұрын бұл мереке қыркүйек айының үшінші жексенбісі болатын. Ахаңның біраз құжаттарын ақтардық. Бұрын Ахаң 1873 жылы 29 қаңтарда дүниеге келді деп келген. Архифтерді ақтарғанда Ахаңның өз қолымен жазған үш құжат табылды. Үшеуінде де ол «бесінші қыркүйек күні тудым» деп жазылған. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте өмір есігін ашқан. Осыған байланысты мектептегі оқулықтардың барлығы түзетіліп жатыр», - деді Е. Тілешов.

Биылғы 4 қыркүйек күні Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Тағзым мен тағылым» онлайн отырысын өткізді. 

Онда үш жылдан бері Тілдер мерекесі қазақ ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне тұрақтағаны аталып өтті. 

«Бұл өте маңызды. Тарих аренасына шыққан кез келген халық өз Тәуелсіздігі үшін күреседі. Қазақ тарихы да осындай азаттық арпалысына тұнып тұр. Ресей империясы мен қазақ халқының күші тең емес еді. Жаратқан иеміз сол алмағайып кезеңде халқымыздың көз жасына ұлы Абайды өмірге әкелді. Одан кейін халқына қалқан, жауына семсер болар Алаш азаматтарының шоғыры қазақ көгіне шықты. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атаймыз», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында өмірге келген. Ол алғашқыда ауыл адамдарынан сауат ашып, кейіннен 1886-1891 жылдары Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыды. 

Сосын Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын 4 жылдық мектепке оқуға түседі. Ол оқуды бітірісімен, ұстаздық қызметіне 1895-1909 жылдары кірісіп, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. 

Халықтың сауатын аша жүріп Ахаң қоғамда орын алып жатқан мәселелерге де сергек қарайды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар